Қазақмыс жұмысшылар тұратын корпусты 214 млн теңгеге жаңартып жатыр
«Қазақмыс» Қарағайлы байыту фабрикасындағы жатақханасы бар әкімшілік тұрмыстық корпусты кешенді жөндеуге 214,7 млн теңге бағыттады, деп хабарлайды Politico.kz.
Компания мәліметінше, жөнделіп жатқан нысанның жалпы ауданы 1 326 шаршы метрді құрайды.
Жұмыс 2026 жылғы 2 шілдеде басталған. Жоба ғимараттың ішкі бөлмелерін, қасбетін, шатырын, инженерлік жүйесін және басқа да құрылымдық элементтерін жаңартуды қамтиды.
Қазіргі кезеңде шатыр жабыны толық ауыстырылған. Шатырдың ағаш құрылымдарына өрттен және биологиялық зақымданудан қорғайтын арнайы құрам жағылған.
Сонымен қатар ғимараттың қасбеті металл сайдингпен қапталып, терезелері ауыстырылды.
Ішкі жөндеу кезінде екінші қабаттағы бөлмелердің орналасуы өзгертілген. Қабырға, еден және төбедегі ескі әрлеу алынып, қабырғалар сыланып, сырлауға дайындалған.
Жуынатын және санитарлық бөлмелерде қабырға мен еденге плитка төселіп, биметалл радиаторлар орнатылды.
Компанияның хабарлауынша, тамыз айында шатырды жөндеу және терезелерді орнату жұмысы аяқталған. Осы кезеңде қасбетті қаптау басталды.
Қазір бірінші қабаттағы бөлмелердің ішкі әрлеуі және ғимараттың бетонды жиегін орнату жұмысы жүріп жатыр.
Іргелес аумақты абаттандыру аяқталған. Бақылау өткізу пунктінен әкімшілік тұрмыстық корпусқа дейінгі жолдың асфальт жабыны жөнделіп, қайта төселді.
Жоспар бойынша жатақханасы бар әкімшілік тұрмыстық корпусты жөндеу жыл соңына дейін аяқталады.
«Қазақмыс» 2026 жылы еңбек жағдайын жақсартуға және әкімшілік тұрмыстық инфрақұрылымды жаңартуға жалпы 2,44 млрд теңге бөлген.
Бұл қаражат әкімшілік тұрмыстық корпустарды, медициналық пункттерді, жатақханаларды, асханаларды, жуынатын бөлмелерді, зертханаларды және өзге де нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуге жұмсалды.
Компания бұл жұмыстар жұмыскерлер үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға және әлеуметтік, өндірістік инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуға бағытталғанын мәлімдеді.
Қарағайлы байыту фабрикасы «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының құрамына кіреді.
Фабрика Абыз, Ақбастау және Қажықонған кен орындарынан өндірілетін полиметалл кенін өңдейді.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,4 млн тонна кенді құрайды. Негізгі өнімдері – мыс және пирит концентраты.
Соңғы жаңалықтар