Қазақмыс жұмысшыларына пәтер кілтін табыстады
«Қазақмыс» корпорациясы әлеуметтік бағдарлама аясында ондаған қызметкеріне қызметтік пәтерді жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беріп, жұмысшыларын баспанамен қамтып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Биылғы наурыз айында компания әлеуметтік осал топқа жататын 13 жұмысшыға баспана кілтін табыстаса, қазіргі уақытта Жезқазғаннан 7 және Балқаштан 9 қызметкер үйді өз атына аудару үшін құжат рәсімдеп жатыр. Бұл жобаға негізінен көп жылдық еңбек өтілі бар азаматтар мен баласын жалғыз асырап отырған мамандар қатысады. Корпорация ұсынған бағдарлама қызметкерлерге өздері тұрып жатқан үйді нарықтағы бағаның 10 пайызымен сатып алуға мүмкіндік береді. Оған қоса жұмысшылар баспана ақшасын 5 жылға дейін бөліп төлей алады.
«Kazakhmys Smelting» зауытында 34 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Игорь Порабкович биыл осындай жеңілдікпен үйлі болғандардың бірі. Ол 20 жылдан астам уақыт отбасымен қызметтік пәтерде тұрып келген.
«Біз 2006 жылдан бері тұрып келе жатқан қызметтік пәтерді жеңілдетілген бағамен сатып алып жатырмыз. Бұл – мен үшін және отбасым үшін компания тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. Жұмыскерлерге тұрақтылық сыйлап, көмек көрсетіп жатқан «Қазақмыс» корпорациясына шын жүректен алғыс білдіремін», – деді ол.
Корпорацияда 20 жылдан бері жұмыс істейтін Сайрагүл Мәдешова да осы мүмкіндікті пайдаланған.
«Мен ұлымды жалғыз тәрбиеледім, бұл оңай болған жоқ. Көп жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясы маған пәтерді жалға беру арқылы үлкен қолдау көрсеткен еді. Ал енді баспананы нарықтық құнының небары 10 пайызымен 2 жылға бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігі бар деген жаңалық мені қатты толқытты. Қолдау көрсетіп, тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенім сыйлағаны үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деді жұмысшы.
Осылайша компания басшылығы жұмысшылардың өмір сүру сапасын жақсартып, еңбек ұжымына әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.
Соңғы жаңалықтар