«Қазақмыс» «Жыланды» мен «Нұрқазған» кеніштерін жаңа бұрғылау қондырғыларымен жабдықтады
«Қазақмыс» тобы өндірістік кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыру жұмысын жүргізуде, деп хабарлайды Politico.kz.
«Жыланды» және «Нұрқазған» кеніштеріне жерасты жағдайында терең желдетпе ұңғымаларын бұрғылауға арналған заманауи Sandvik DL431 маркалы екі бұрғылау қондырғысы жеткізілді.
Жаңа техника бұрғылау жұмысының өнімділігін арттыруға, тазарту блоктарын дайындауда жоғары дәлдікті қамтамасыз етуге және жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Қондырғы берік тау жынысы кездесетін кен орындарын игеру кезінде пайдаланылады, себебі мұндай жағдайда жабдықтың сенімділігі мен өндірістік үдерістің тиімділігі шешуші рөл атқарады.

Sandvik DL431 – өндіру жұмысына арналған толық механикаландырылған электрогидравликалық бұрғылау қондырғысы. Ол диаметрі 64 мм-ден 115 мм-ге дейінгі ұңғымаларды 54 метрге дейінгі тереңдікте бұрғылауға мүмкіндік береді. Қондырғы заманауи автоматтандыру жүйесімен, жоғары дәлдіктегі позициялау жүйесімен және операторға арналған эргономикалық жұмыс орнымен жабдықталған.
Жаңа бұрғылау қондырғыларын жеткізу «Қазақмыс» Тобының тау-кен техникасын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. 2026 жылы компания 22 заманауи бұрғылау қондырғысын сатып алуға 9,9 млрд теңге бөлді. Жаңа техника өндірістік алаңдарға кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр.
Техника паркін жаңарту компанияға кен өндіру тиімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар