Қазақмыста жұмысшыларды басып кетуден сақтайтын жаңа жүйе сынақтан өтті

28.04.2026 15:23 Арман Ермеков
Қазақмыста жұмысшыларды басып кетуден сақтайтын жаңа жүйе сынақтан өтті
65
Шахтадағы апаттың алдын алады. Фото: KAZAKHMYS

Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кенішінде жер астында жұмыс істейтін адамдарды ауыр техника басып кетуден сақтайтын жаңа жүйе сәтті сынақтан өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Шахта ішіндегі көрінуі қиын күрделі әрі қиылысқан жолдарда үлкен техниканы жүргізу өте қауіпті болғандықтан, апаттың алдын алатын заманауи құрылғылар өндіріске аса қажет. Қазақмыс компаниясының мәліметінше 1,5 айға созылған сынақ барысында бұл аппарат өзінің тиімділігін дәлелдеп, жұмысшылар мен техниканы ешқандай жалған дабылсыз өте дәл анықтап отырған.

Жаңа кешен көліктің айналасын бақылайтын антенналар мен жүргізуші алдындағы арнайы дисплейден тұрады. Құрылғы экранында жасыл, сары және қызыл түсті үш аймақ көрсетіліп, адам немесе басқа техника жақындаған сайын жүргізушіге жедел түрде ескерту жасайды. Бұл жүйе 15 метрге дейінгі қашықтықтағы нысандарды тіпті бұрылыстар мен қараңғы жерлерде де оңай танып қоя алады. Ол үшін жұмысшылардың киімінде арнайы белгілер орнатылады.

Компания осындай жаңа технологиялардың өндірісте толықтай қолданысқа енуі шахтадағы қауіпті жағдайларды барынша азайтып, қызметкерлердің амандығын сақтауға үлкен септігін тигізетінін хабарлады. Бұл қадам өндірістік тәуекелдерді төмендетіп, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға бағытталған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий