Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне кіруге 1 млрд доллар төледі ме – Ақорда жауап берді

23.01.2026 09:19 Әсел Мұрат Әсел Мұрат
Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне кіруге 1 млрд доллар төледі ме – Ақорда жауап берді
295
Фото: Ақорда

Қазақстан Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумында Бейбітшілік кеңесіне кірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақорда еліміздің бұл Кеңеске кіруі үшін жарна төлемегенін хабарлады. Себебі 1 млрд доллар көлеміндегі жарна мүшеліктің шарты емес, бұл – әрбір қатысушының құқығы.

«Бейбітшілік Кеңесіне кіру үшін тек мемлекеттің тәуелсіз шешімі қажет. Кірген сәттен бастап елдің сол кеңесте болу мерзімі үш жылды құрайды. Жарғыда айтылған 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі ерікті жарна мүшеліктің шарты емес. Бұл – әрбір қатысушының құқығы», – деп атап өтті Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақорданың мәліметінше, егер 1 млрд доллар жарна бірінші жыл ішінде төленсе, мемлекет өзінің кеңестегі қызметін белгіленген үш жылдық мерзімнен тыс ұзартуға мүмкіндік алады.

«Қазақстан бейбітшілік Кеңесіне қандай да бір қаржылық жарна енгізбестен кірді, бұл жарғының ережелеріне толық сәйкес келеді», – делінген Ақорда хабарламасында.

Еске сала кетейік, 22 қаңтарда Давоста Дүниежүзілік экономикалық форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды. Қазақстан президентімен қатар салтанатқа 18 елдің басшысы мен өкілдері қатысты.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий