Қазақстан боксшылары Испаниядан 17 медальмен оралды
Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен халықаралық Boxam Elite-2026 бокс турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Politico.kz.
3–8 ақпан аралығында өткен жарысқа Қазақстан құрамасы ерлер арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша 18 боксшыны, ал әйелдер сапында 9 салмақ дәрежесінде 14 спортшыны қатыстырып, ел намысын қорғады.
Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық былғары қолғап шеберлері 6 алтын, 5 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды.
Спорт журналисі Аслан Қаженовтің мәліметінше, финалдық жекпе-жектерде 11 қазақстандық боксшы өнер көрсетіп, оның алтауы чемпион атанған. Атап айтқанда, Үмида Садықова, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай қарсыластарынан басым түсті.
Ал Назерке Серік, Панар Сейітханқызы, Нұрасыл Асылхан, Аман Қонысбеков және Сағындық Тоғамбай күміс жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар Гүзал Садықова, Элянұр Тұрғанова, Нұрзат Оңғаров, Нұрбек Мұрсал, Тимур Нұрсейітов және Азамат Бектас қола медаль олжалады.
Қазақстан құрамасының бұл нәтижесі ұлттық бокстың жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Соңғы жаңалықтар