Қазақстан инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер рейтингінде бірден 17 сатыға жоғарылады
Қазақстан 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер тізімінде бірден 17 сатыға көтеріліп, 53-орынға табан тіреді, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаһандық капитал үшін бәсекелестік күшейген тұста еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайтып, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін $20 млрд-тан асырды. Басты көрсеткіштердің бірі ретінде жеке инвестициялар көлемінің 21%-дан астам өскенін айтуға болады, бұл халықаралық бизнестің елдегі ұзақ мерзімді реформаларға деген сенімі арта түскенін білдіреді.
2026 жылдың қаңтар мен маусым айларының аралығында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1%-ды құраса, оның негізгі қозғаушы күшіне 5,1%-дық өсім көрсеткен нақты сектор айналды. Құрылыс саласы 15%-дан астам қарқын алса, көлік, логистика және өңдеу өнеркәсібі сияқты негізгі бағыттар экономиканың сыртқы шикізат нарықтарына тәуелділігін төмендетіп, тұрақтылықты қамтамасыз етуде.
Қазіргі уақытта жаңа өндірістік орталықтарды орналастыру үшін Вьетнам, Малайзия, Индонезия және Польша сияқты елдермен бәсекеге түскен Қазақстан өзінің географиялық орналасуы мен макроэкономикалық тұрақтылығын басты артықшылық ретінде пайдалануда. Шығыс пен Батыстың арасындағы маңызды тоғызда тоғысқан ел шетелдік инвесторларға тек табиғи ресурстарды емес, сонымен бірге айқын әрі болжамды институционалдық ортаны да ұсына алады.
Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы аясында Үкімет жанынан арнайы Инвестициялық штаб құрылып, жобаларды іске асырудағы әкімшілік кедергілерді жедел жою механизмі жолға қойылды. Сондай-ақ Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы бизнесті тіркеуден бастап өндірісті іске қосқанға дейінгі процестер цифрландырылып, 25 жылға дейінгі мерзімге тұрақты жағдайды қамтамасыз ететін 57 инвестициялық келісімшарт жасалды.
Халықаралық сарапшылардың оң бағасы жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалардың нәтижесімен де тығыз байланысты болып отыр. Fitch Ratings агенттігі Қазақстанның суверенді кредиттік рейтингін BBB деңгейінде растаса, S&P Global Ratings пен Moody's агенттіктері тиісінше BBB- және Baa1 деңгейлерін позитивті болжаммен сақтап, елдің қаржылық тұрақтылығын әлемдік деңгейде айғақтады.
Соңғы жаңалықтар