Қазақстан кофе сатып алудан рекорд жаңартты

21.08.2026 09:57 Қанат Айбар
Қазақстан кофе сатып алудан рекорд жаңартты
58
Фото: magnific.com

2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан шетелден 3,2 мың тоннаға жуық кофе сатып алды, деп хабарлайды Politico.kz.

DATA HUB аналитикалық телеграм-арнасының жазуынша, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 38% көп. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, аталған көрсеткіш кемінде 2015 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

Өнімге төленген қаржы көлемі де айтарлықтай артты. Қазақстандықтар биыл қаңтар мен маусым айларында кофе импортына $27,2 млн төледі. Бұл былтырғы шығыннан 30% көп әрі бірінші жартыжылдықтар бойынша соңғы он бір жылдағы ең үлкен сома.

Әкелінген барлық өнімнің шамамен 40% үлесі қуырылмаған арабика сортына тиесілі. Бұл санат бойынша импорт өткен жылдың деңгейінде сақталды. Ал негізгі өсім кофеині бар өзге қуырылған өнім түрлерінен байқалды. Олардың көлемі 260 тоннадан 864 тоннаға дейін ұлғайды. Кедендік құжаттарға сәйкес, оған ұнтақталған, еритін және капсула түріндегі кофелер кіреді.

Жалпы елімізге кофе тасымалдау көлемі соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты түрде артып келеді. Мысалы, биылғы алты айда жеткізілген 3 мың тоннаға жуық өнім 2023 жылдың толық бір жылындағы көрсеткішпен тең түсті.

Әкелінген тауардың белгілі бір бөлігі шетелге қайта сатылады. Алайда былтырғыдай қарқын жоқ, биыл экспорт көлемі жалпы импорттың 5% деңгейіне дейін төмендеді. Нәтижесінде елде қалған таза импорт көлемі биыл тағы да абсолютті рекорд орнатты.

Войдите, чтобы оставить комментарий