Қазақстан Қытайдың облигациялар нарығында рекорд орнатты
Қазақстан Қытайдың банкаралық облигациялар нарығында 6,6 млрд юань, шамамен $983 млн көлемінде панда облигацияларын орналастырып, Орталық Азия елдері арасында рекорд орнатты, деп жазды China Daily.
Басылым мәліметінше, бұл Орталық Азия елдері арасында панда облигацияларын бір реттік орналастыру көлемі бойынша ең ірі көрсеткіш.
Облигациялар 2 траншпен шығарылған. Оның біріншісі 5 млрд юань көлеміндегі 3 жылдық облигациялар. Олардың жылдық мөлшерлемесі 1,82%.
Екінші транштың көлемі 1,6 млрд юань болды. 5 жылдық облигациялардың жылдық мөлшерлемесі 1,95% деңгейінде белгіленген.
China International Capital Corp мәміленің негізгі ұйымдастырушысы және букраннері болды.
Industrial and Commercial Bank of China, China Construction Bank, Bank of China және Export-Import Bank of China мәміленің бірлескен ұйымдастырушылары әрі бірлескен букраннерлері ретінде қатысты.
Қазақстан тарапынан мәміленің жалғыз жергілікті менеджері Teniz Capital Investment Banking компаниясы болды.
Бұған дейін мамыр айында Қазақстан жалпы сомасы 3,4 млрд юань болатын алғашқы тәуелсіз панда облигацияларын орналастырған.
China Daily жазуынша, жаңа мәміле Қазақстанның Қытайдағы панда облигациялар нарығына қайта оралғанын білдіреді.
Екі орналастырудың жалпы көлемі 10 млрд юаньға жетті.
Басылым бұл қадам Қытай мен Қазақстан арасындағы қаржылық ынтымақтастықты тереңдетуге, екі елдің капитал нарықтарының өзара байланысын дамытуға және юаньның интернационалдануын одан әрі ілгерілетуге ықпал ететінін жазады.
Bank of China өкілдерінің айтуынша, панда облигацияларының сәтті орналастырылуы Қытайдың капитал нарығы әлем елдерінің тәуелсіз қаржыландыруы үшін тартымды екенін көрсетеді.
Сондай-ақ банк өкілдері мұндай мәмілелер жаһандық қаржыландыру валютасы ретінде юаньның халықаралық ықпалын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар