Қазақстан шекарасына жақын Омбыдағы мұнай зауыты дрон шабуылына ұшырады

06.07.2026 17:18 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстан шекарасына жақын Омбыдағы мұнай зауыты дрон шабуылына ұшырады
324
Фото: Бейнеден алынған скрин

Ресейдің Омбы қаласында орналасқан мұнай өңдеу зауытына украиналық дрондар шабуыл жасады. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.

Басылымның дереккөзі қазіргі уақытта "Газпром нефть" құрылымына кіретін ірі кәсіпорынның өртеніп жатқанын алға тартты. Желіде ұшқышсыз аппараттардың қалаға қарай ұшып бара жатқаны және зауыт аумағындағы өрт бейнеленген кадрлар тарап жатыр.

OSINT арналарының мәліметінше, соққы зауыт қуатының 40 пайызын қамтамасыз ететін қондырғыға тиген. Бұл қондырғының қуаттылығы жылына 8,4 млн тоннаны құрайды. Куәгерлер зауытқа 7 дрон шабуыл жасағанын және олардың бірде-бірі атып түсірілмегенін айтқан. Алайда зардап шеккендер мен шығын көлемі туралы ресми ақпарат әзірге жоқ.

Оқиғаға байланысты Омбы әуежайы тарихта алғаш рет ұшақтар үшін жабылды. Сургут, Санкт-Петербург, Мәскеу және Ташкенттен келе жатқан рейстер қосалқы аэродромдарға, соның ішінде Астана мен Новосибирск қалаларына бағытталды.

"Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ұшқышсыз аппараттардың шабуылын тойтаруды жалғастыруда", – деп мәлімдеді Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко.

Exilenova+ арнасының мәліметіне сүйенсек, нысанаға қанатының геометриясы өзгеше жаңа FP-1 дроны жеткен. Омбы Украинадан 2500–2700 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, бұл соғыс басталғалы бері жасалған ең алыс шабуылдардың бірі саналады.

Айта кетейік, бұған дейін 1 шілдеде Омбы қаласында ұшқышсыз аппараттардың шабуыл қаупі жарияланып, тұрғындарға терезесі жоқ бөлмелер мен жер асты өткелдеріне жасырыну туралы ескерту жасалған болатын.

Бұл жағдай географиялық жақындығына байланысты Қазақстан үшін де маңызды. Омбыдан Павлодарға дейінгі қашықтық тас жолмен 417 шақырымды құрайды. Сонымен қатар бұл бағыт Қазақстанның мұнай логистикасында үлкен рөл атқарады. Павлодар мұнай-химия зауыты шикізатты тарихи түрде Омбы арқылы алады. Бұған қоса Қазақстан Ресей арқылы транзитпен Павлодарға жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жібере алатыны бұған дейін хабарланған.

Әзірге бұл жағдайдың Қазақстанға мұнай тасымалдауға немесе зауыт жұмысына әсері туралы ресми мәлімет түскен жоқ. Дегенмен сарапшылар мұнай инфрақұрылымы маңындағы кез келген оқиға логистика мен шекаралас аймақтар үшін тәуекел тудыратынын ескертеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий