Досаевтың шаңырағында жаңа бизнес
Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаева жаңа компания құрды. Кәсіпкер 14 қазанда Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) «DOS&Co. Ltd» компаниясын тіркеген, деп хабарлайды Politico.kz Forbes Kazakhstan басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, жаңа компанияның жарғылық капиталы – 100 млн теңге. Оның жалғыз құрылтайшысы – Гүлнар Досаева.
Компания басқа кәсіпорындардың үлестерін сатып алып, оларға иелік етумен айналыспақ. Сондай-ақ өзіне қарасты компаниялардың жұмысын үйлестіріп, даму бағытын қадағалап, әкімшілік қолдау көрсетеді. Яғни DOS&Co. Ltd бірнеше бизнесті бір жерден басқаратын компания болмақ.
Гүлнар Досаеваның қандай бизнестері бар?
Гүлнар Досаева – Forbes Kazakhstan жариялайтын ең бай және ең ықпалды әйелдер тізіміне енген кәсіпкер.
Ол Қазақстанның ең ықпалды 25 әйелі қатарына алғаш рет 2024 жылы кірген. Ал 2026 жылы бұл тізімде 13-орынға көтерілген.
Биыл кәсіпкер Қазақстанның ең бай 25 әйелі тізіміне де енді. Forbes Kazakhstan оның байлығын 61 млн долларға бағалап, 10-орынға орналастырған.
Гүлнар Досаеваның Lancaster Holding компаниясында үлесі бар. Бұл топ мұнай-газ саласына қызмет көрсету, өнеркәсіптік инфрақұрылым, жер қойнауын игеру, тау-кен өндірісі, фармацевтика, білім беру және кадр қызметтерімен айналысады.
Сонымен қатар кәсіпкер Forbes Kazakhstan рейтингінің тағы бір қатысушысы Гаухар Қаппаровамен бірге «G and G Гламур» және GGonline компанияларына иелік етеді.
Бұл компаниялар қымбат брендтердің тауарларын сатумен және интернет саудамен айналысады. Олардың Алматы мен Астанада 10 дүкені бар.
Қайырымдылықпен де айналысады
Гүлнар Досаева 2005 жылы «Дара» қорын құрған. Қор жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмектеседі.
Сондай-ақ ол Dos.community зияткерлік еріктілер алаңын ашқан және Нұрлан Қаппаров атындағы қоғамдық қордың құрылтайшыларының бірі.
2023 жылы Narxoz University университетімен бірлесіп, коммерциялық емес ұйымдардың басшыларына арналған Executive MBA бағдарламасын іске қосқан.
Досаевтың жұбайы бір жылда қанша табыс тапқан?
Бұған дейін Ақорда Президент әкімшілігіндегі жоғары лауазымды қызметкерлер мен олардың жұбайларының 2024 жылғы табысы туралы декларацияларды жариялаған болатын.
Сол кезде Ерболат Досаев Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Жарияланған құжатқа сәйкес, Гүлнар Досаеваның 2024 жылғы жалпы табысы 2 млрд 338 млн 455 мың 678 теңге болған.
Айта кетейік, Ерболат Досаев 2022–2025 жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды.
Енді оның жұбайының бизнесіне жарғылық капиталы 100 млн теңге болатын тағы бір компания қосылды.
Соңғы жаңалықтар