«Қазақстан үшін қауіпті»: Сәтпаев ресейлік тарихшының «ескертуіне» бей-жай қарауға болмайтынын айтты

26.02.2026 17:33 Әсел Мұрат
«Қазақстан үшін қауіпті»: Сәтпаев ресейлік тарихшының «ескертуіне» бей-жай қарауға болмайтынын айтты
155
Фото: ашық дереккөз

Ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуровтың мәлімдемесі – Қазақстанға қарсы жасалған кезекті ақпараттық шабуыл. Бұл туралы қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев мәлімдеді,, деп хабарлайды Politico.kz.  

Сәтпаевтың айтуынша, «Ашаршылық» трагедиясын жоққа шығарған Верхотуров сұхбатында Қазақстанды Украина сценарийі бойынша қарулы қақтығыспен қорқытып, қазақтарды «екінші сорт» деп сипаттаған. 

«Бұл жолы Дмитрий Верхотуров өз ұстанымының қайшылығын өзі әшкереледі. Өткендегі геноцидті жоққа шығара отырып, ол іс жүзінде болашақтағы зорлық-зомбылықты ақтауға дейін барды. Жуырдағы сұхбаттарының бірінде ол Қазақстанға Украинадағыдай қарулы қақтығыс қаупін меңзеп қана қоймай, жаңа геноцид ықтималдығы туралы да ашық айтты. Оның арандатушылық сипаттағы мәлімдемелерінде егер Ресей, оның пайымынша, «туыстас халық» саналатын украиндарды да аямаса, онда қазақтарға қатысты қатыгездік одан да ауыр болуы мүмкін деген астар бар. Қазақтарды «екінші сорттағы», «алыстағы адамдар» ретінде сипаттау — бұл тек саяси риторика емес, адамдарды кемсіту мен бөлуге негізделген қауіпті идеологияның көрінісі», - деді саясатттанушы.

Досым Сәтпаев ресейлік тарихшының бұл әрекетін соғысқа, геноцидке, шовинизм мен ксенофобияға ашық үндеу деп есептейді. Ол даулы сұхбаттың Украинадағы соғыстың жылдығына тұспа-тұс жариялануын символдық жайт деп атап, мұндай мәлімдемелер нағыз агрессордың кім екенін әшкерелейтінін ашық айтты.

«Мұндай мәлімдемелерде соғысқа үндеу, геноцидті ақтау, адамдарды «сорттарға» бөлу, шовинизм мен ксенофобия белгілері айқын байқалады. Оның үстіне, бұл сұхбаттың Украинадағы соғыстың төрт жылдығына тұспа-тұс жариялануы да символдық мәнге ие. Осындай ақпараттық арандатулар тағы бір шындықты айқындай түседі: кім агрессор, кім құрбан, кім империялық өшпенділік пен жеккөрушілік тудырып отыр, ал кім өз тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға мәжбүр. Тарихты жоққа шығару немесе қайта жазу әрекеті көбіне кейінгі саяси қысым мен тіпті күш қолдануға апаратын алғашқы қадам болатынын ұмытпау қажет», - деді Сәтпаев.

Саясаттанушы мұндай мәлімдемелерге бей-жай қарауға болмайтынын ескертті. Айтуынша, еліміз үшін бұл өте қауіпті.

«Тәуелсіз ел үшін ең қауіпті кезең – тарихты жоққа шығарудан басталады. Ал тарихты жоққа шығарғандар, ертең сіздің мемлекеттігіңізді де жоққа шығаруға дайын болады. Сондықтан мұндай мәлімдемелерге бей-жай қарауға болмайды. Бұл – сөз емес, бұл – ескерту», - деді саясаттанушы.

Айта кетейік, ресейлік саясаттанушы әрі тарихшы Дмитрий Верхотуров Қазақстандағы Ашаршылық тақырыбына байланысты шулы мәлімдеме жасады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий