Қазақстанда баспана кезегіне тұру ережесі күрделенді
488
Осы жылдың 15 қарашасынан бастап Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұру тәртібіне елеулі өзгерістер енгізіледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 105 бұйрығына енгізілген жаңа түзетулер кезекке тұру талаптарын айтарлықтай қатайтып отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Енді азаматтарды тұрғынжайға мұқтаж деп есепке қоюдан бас тартуға негіз болатын жағдайлардың тізімі кеңейді.
Кімдер енді кезекке тұра алмайды?
Ең басты өзгеріс – кезекке қоюдан бас тарту негіздеріне қатысты. Егер азамат:
- Соңғы бес жыл ішінде өз атында баспанасы болса (мемлекеттік мекеменің қорынан үй алу үшін – сол елді мекенде, ал мемлекеттік кәсіпорынның қорынан үй алу үшін – Қазақстанның кез келген жерінде);
- Қазірдің өзінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе жергілікті әкімдік жеке қордан жалдап берген баспанада тұрып жатса;
- Кезекке тұру үшін жалған немесе дәйексіз мәліметтер ұсынса;
- Бұрын мемлекеттен тұрғын үй алып, кейін оны жекешелендіріп алған болса.
Тізімге енген ең маңызды жаңа тармақ:
- Егер азамат бұрын кез келген мемлекеттік ипотекалық бағдарлама арқылы (Ұлттық Банк немесе Үкімет бекіткен бағдарламалар, тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламалары) меншігіне тұрғынжай сатып алған болса, енді ол мемлекеттік кезекке тұра алмайды.
Тексеріс қалай күшейеді?
Жаңа ережелерге сәйкес, уәкілетті орган (әкімдіктер) кезекке қояр алдында ақпараттық жүйелер арқылы мына деректерді міндетті түрде тексереді:
- Өтініш берушінің және онымен бірге тұратын барлық отбасы мүшелерінің тіркелген тұрғылықты жерінің мекенжайы;
- Отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында (мемлекеттік кәсіпорынның үйіне кезекке тұру үшін) немесе осы елді мекенде (мемлекеттік мекеменің үйіне кезекке тұру үшін) баспананың болған-болмағаны туралы мәліметтер.
Бұйрыққа сәйкес, егер азамат кезекке тұрғанымен, кейін үй берілетін сәтте оның соңғы бес жыл ішінде баспанасы болғаны анықталса, оған тұрғынжай беруден бас тартылады.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Соңғы жаңалықтар
24.06.2026
23:34
Алматыда жалған дәрі шығаратын жасырын өндіріс ...
24.06.2026
22:26
Астанада лифтпен “төбелескен” ер адамның үстіне...
24.06.2026
21:24
Қазақстанда автокөліктерге жаңа мемлекеттік нөм...
24.06.2026
20:21
Дрон шабуылдарынан кейін Ресей Қазақстаннан 50 ...
24.06.2026
19:14
«Қол-аяғымды байлап қоятын»: 90 жастағы қария ұ...
24.06.2026
18:25
«Дұға оқып, жыладық»: SCAT ұшағы дауыл салдарын...