Қазақстанда бір адамды түрмеде ұстауға жылына 3 миллион теңге жұмсалады
Қазақстанда жазасын өтеп жатқан 30 мың адамның әрқайсысын асырауға мемлекет қазынасынан жылына 3 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді, деп хабарлайды Politico.kz.
2 сәуірде Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңдылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналған алқа отырысы өтті.
«Бүгінде 30 мың сотталғанның әрбір үшіншісі бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген. Өз кезегінде бір сотталғанды ұстауға мемлекеттен жылына 3 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Халықаралық тәжірибені ескерсек,оларды еңбекпен қамту және табысты әлеуметтік бейімдеу неғұрлым тиімді болып табылады», — делінген Бас прокуратурада.
Бұл жиынға Президент әкімшілігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен ішкі істер, еңбек, қаржы, денсаулық сақтау, ұлттық экономика және өнеркәсіп министрліктерінің басшылары қатысып, түрме инфрақұрылымын жаңарту мен сотталғандарды қоғамға бейімдеу жайын талқылады.
Жиын барысында пенитенциарлық жүйедегі азаптау фактілері 2023 жылғы 26 жағдайдан 2025 жылы 3 дерекке дейін азайғаны және сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейі 50 пайыздан 70 пайызға өскені айтылды. Сондай-ақ мерзімінен бұрын босату тәжірибесі жақсарып, пробация есебінде тұрғандар арасында қайталап қылмыс жасау көрсеткіші 20 пайызға төмендеген. Бұдан бөлек Алматы қаласында жеке инвестордың қаржысына халықаралық стандартқа сай келетін жасөспірімдерге арналған мекеме бой көтеріп, қазіргі таңда аймақтардағы түрмелерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 12 өндірістік ангар салынып жатыр.
Алдағы уақытта жаңа түзеу мекемелерін салуға жеке инвесторларды тарту жоспарланып отыр. Бұл жобалардың 30 пайызға дейінгі құны мемлекет есебінен төленсе, қалғаны жеке капитал арқылы жабылып, кейін шығындары өтеледі.
Сонымен қатар құрылыс шығындарын азайтып бюджет жүктемесін жеңілдету үшін заманауи материалдарды қолдана отырып, қазіргі нормативтерді қайта қарау көзделген. Бас прокуратура түрмеден шыққандарды әлеуметтік бейімдеу қызметін әкімдіктерге беріп, оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы үйлестіруді ұсынды. Бұл бастаманы министрлік өкілдері толық қолдап, жаңа жүйе қоғамдық қауіпсіздікке оң әсер ететінін хабарлады.
Соңғы жаңалықтар