Қазақстанда мәслихат депутаттарының саны өзгереді: ОСК жаңа ереже бекітті

09.10.2026 • 13:15 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанда мәслихат депутаттарының саны өзгереді: ОСК жаңа ереже бекітті
319
Фото: Ақорда

Қазақстанда мәслихат депутаттарының санын анықтау тәртібі өзгерді. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тиісті қаулыны 2026 жылғы 2 қазанда қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа ережеге сәйкес, мәслихаттағы депутаттар саны өңір тұрғындарының санына байланысты есептеледі. Халық саны көбейген сайын депутаттық орындар да артады.

Облыстық мәслихаттарда халық саны 300 мыңға дейін болса, кемінде 26 депутат болуы керек. Әрбір қосымша 200 мың тұрғынға тағы екі мандат беріледі.

Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда тұрғындар саны 1,1 миллионға дейін болса, кемінде 30 депутат болады. Халық саны әр 200 мың адамға артқан сайын екі депутаттық орын қосылады.

Қалалық мәслихаттарда 50 мыңға дейінгі тұрғынға кемінде 11 депутат қарастырылған. Әрбір қосымша 25 мың тұрғынға бір мандат қосылады.

Аудандық мәслихаттарда халық саны 15 мыңға дейін болса, кемінде 10 депутат болуы тиіс. Әрбір қосымша 15 мың тұрғынға тағы бір депутаттық орын беріледі.

Құжатта бірнеше қаладағы мәслихат депутаттарының нақты саны да белгіленді.

Ақтөбе қаласында 30 депутат, Таразда 28, Семейде 22, Алатауда 11 депутат болады.

Аудандық мәслихаттар арасында ең көп депутаттық орын Алматы облысында қарастырылған. Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарының әрқайсысында 25 депутаттан болады.

Жамбыл облысының Жамбыл ауданында 13 депутат, Абай облысының Үржар ауданында 11 депутат жұмыс істейді.

Ал алты ауданда 10 депутаттан болады. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім, Катонқарағай, Үлкен Нарын және Марқакөл аудандары.

Абай облысындағы Мақаншы мен Жаңасемей аудандарында да 10 депутаттық орын қарастырылған.

Мәслихат депутаттарының саны сайлау тағайындалған күндегі халық санына қарай анықталады. Ол үшін Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері пайдаланылады.

ОСК қаулысы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын жариялаған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий