Қазақстанда некеге мәжбүрлеу енді қылмыс

Қазақстанда некеге мәжбүрлеу енді қылмыс
16.09.2025 11:27
0
141

Бүгін, 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда адам ұрлау және некеге мәжбүрлеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды POLITICO.KZ ақпарат порталы.

Енді адам ұрлағандар жәбірленушіні босатқан күннің өзінде жауапкершіліктен босатылмайды, ал некеге тұруға мәжбүрлеу қылмыстық әрекет ретінде қарастырылады.

Негізгі өзгерістердің бірі Қылмыстық кодекстің 125-бабына («Адам ұрлау») қатысты. Бұрынғы заң бойынша, ұрланған адамды өз еркімен босатқандар қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Жаңа түзетулер бұл ескертпені толығымен алып тастады. Демек, енді кез келген жағдайда адам ұрлау әрекеті заңмен жазаланатын болады.

Сонымен қатар, кодекске «Некеге мәжбүрлеу» (125-1-бап) атты жаңа бап қосылды. Бұл әрекет үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу жазасы көзделген. Егер қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты, зорлық-зомбылық көрсету арқылы немесе топ болып жасалса, жаза қатая түседі.

Ал абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда, кінәлілер бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл өзгерістер әйелдер мен жасөспірімдердің құқығын қорғауды күшейтіп, некеге мәжбүрлеу оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий