Оңтүстік Кореяда көлікке зақым келтіріп, жүргізушіге сес көрсеткен қазақстандық қамауға алынды
Оңтүстік Кореяның Кёнгидо провинциясындағы Ичхон қаласында жергілікті сот 21 жастағы Қазақстан азаматын қамауға алу туралы санкция берді. Оған өзгелерге қауіп төндіріп, бөгденің мүлкіне зақым келтірді деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Оңтүстік Корея БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, оқиға 29 шілдеде сағат 23:40 шамасында болған. Полиция болжамы бойынша, 21 жастағы қазақстандық 25 жастағы отандасымен бірге жеңіл көліктің соңынан түсіп, кейін жолын бөгеген. Көлікте жүргізуші мен жолаушы болған. Айыпталушылардың бірі көліктің алдыңғы бөлігін теуіп, іштегі адамдарға сес көрсеткен. Бұл жағдай видеотіркеуішке түсіп қалған.
Бастапқыда қараңғылыққа байланысты көлік нөмірін анықтау мүмкін болмай, қыркүйек ортасына қарай бұл іс ашылмаған қылмыстар қатарына жатқызылған еді. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықтың сынынан кейін полиция 21 қыркүйекте тергеуді қайта жандандырды.
Криминалистикалық қызмет мамандары видеожазбадан көлік нөмірінің бір бөлігін қалпына келтіріп, әлеуметтік желілерді талдау арқылы күдіктілердің бірінің жеке басын анықтады.
Оңтүстік Кореяда қара жұмысшы болып істейтін 21 жастағы Қазақстан азаматы 16 қазанда Ансон қаласында ұсталды. 18 қазанда Йоджу қаласындағы Сувон округтік соты оны «бой тасалау қаупі бар» деген негізбен қамауға алуға санкция берді.
Жауап алу барысында ұсталған азамат өз әрекетін мойындағанымен, бұл жағдайдың қателесуден болғанын айтқан. Оның сөзінше, осы оқиға алдында ол өз көлігін өзге шетелдікке сатпақ болған, бірақ келісімшарт бұзылған. Кері қайтып бара жатып, ол жәбірленушінің көлігін әлгі сатып алушының көлігі деп қате ойлап, соңынан түскенін алға тартты.
Ал оқиғаның екінші қатысушысы — 25 жастағы Қазақстан азаматы сыбайласы ұсталғанға дейін-ақ миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін Оңтүстік Корея аумағынан мәжбүрлі түрде елден шығарылған.
Соңғы жаңалықтар