Қазақстанда риелторлар енді міндетті түрде сертификаттаудан өтеді

22.07.2026 14:07 Мөлдір ҚАЙНАР
Қазақстанда риелторлар енді міндетті түрде сертификаттаудан өтеді
43
Фото: Pexels

Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы алаяқтықты азайту және клиенттердің құқығын қорғау мақсатында риелторларды міндетті сертификаттау жүйесі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz 7-арнаға сілтеме жасап.

Жаңа тәртіп бойынша мамандар кәсіби біліктілігін растап, арнайы бірыңғай тізілімге енгізіледі. Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде елде 25 мыңнан астам риелтор жұмыс істегенімен, олардың тек үштен бірі ғана ресми тіркелген. Қалғандары көлеңкелі нарықта қызмет көрсетіп келеді. Сертификаттау емтиханы прокторинг технологиясы арқылы pana-urp.kz сайтында өтеді және жүйеде нәтижені сатып алу немесе басқа адамның орнына тапсыру мүмкін емес.

"Алғаш рет көрген адамға бірден толық сенім арта қою қиын. Сондықтан сертификаттау арқылы риелтордың кәсіби даярлығы, біліктілігі мен тәжірибесін тексереміз. Сұрақтардың шамамен 40–50 пайызы нақты тәжірибеге негізделген. Біздің ойымызша, сертификат маманның кәсіби дайын екенін және қызметті сапалы көрсететінін дәлелдейді", – деді PANA Ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті Әсет Айтбаев.

Сертификаттау ақылы негізде жүргізіледі. Құны – 80 мың теңге. Үміткерге екі мүмкіндік беріледі және 60 сұрақтың кемінде 45-іне дұрыс жауап берсе, бір жылға жарамды куәлік алады. Алғашқы сертификат астаналық маманға табысталды.

Ұлттық палата өкілдері бұл реформаның екі тараптың да құқығын тең қорғауға бағытталғанын атап өтті.

"Ақшаны алып, ізім-ғайым жоғалып кеткен жағдайлар аз болған жоқ. Мұндай кезде клиент те, риелтор да қорғалмайды, өйткені қызмет көрсету туралы ресми келісімшарт жасалмаған. Біз барлық риелторды кінәламаймыз. Кейде клиент тарапынан да заңсыз әрекеттер болады. Сондықтан екі тараптың да құқығын қорғайтын жүйе қалыптастырып жатырмыз", – деп толықтырды Әсет Айтбаев.

Сондай-ақ сарапшылар бұл жүйенің халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар екенін және нарық ашықтығын қамтамасыз ететінін айтады.

"Бұл – халықаралық тәжірибе. Көптеген елде риелторлар лицензияланады. Өйткені олардың қызметі бақылауда болуы тиіс. Ережелер, білім мен кәсіби құзырет қажет. Сондықтан мұндай сертификаттың болуы риелтор үшін де, клиент үшін де тиімді. Егер маманда сертификат болса, оның тәжірибесі, білімі мен біліктілігі бар деген сөз", – деді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Қуанбек Қалмақыш.

Войдите, чтобы оставить комментарий