Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу мерзімі қысқарады

14.09.2026 12:50 Мөлдір ҚАЙНАР
Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу мерзімі қысқарады
90
Фото: semey news

Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін қысқартылады. Алайда бұл өзгеріс бұрын хабарланғандай 2026 жылдың 1 қазанынан емес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, 2026 жылдың 1 қазанынан бастап елімізде жұмыспен қамту қызметін жетілдіруге бағытталған пилоттық жоба басталады. Бұл кезеңде мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) мамандары оқытылып, қолдау көрсетудің жаңартылған тетіктері сыналады. Ал бұл сынақ мерзімінде жәрдемақы қолданыстағы ережелер бойынша төлене береді.

Басты жаңашылдықтардың бірі – азаматқа ресми «жұмыссыз» мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі бұрынғыдай 2 күн емес, 13 күнге дейін ұзартылады. Осы екі аптадай уақытта мамандар үміткердің тәжірибесі мен біліктілігін жан-жақты талдап, лайықты жұмыс табуына тікелей көмек көрсетеді.

"Осылайша 2026 жылдың 1 қазаны – жұмыспен қамту қызметінің жұмысын жетілдіруге арналған пилоттық кезеңнің басталатын күні. Осы күннен бастап лайықты жұмыс іздеу мерзімі 13 күнге дейін ұзартылады. Ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді төлеу мерзіміне қатысты өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді", – деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Аталған нормалар 2026 жылдың 11 маусымында қабылданған ҚР Әлеуметтік кодексіне түзетулер енгізу туралы заң аясында жүзеге асады. Оған дейін өңірлерде түсіндіру жұмыстары жалғаспақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий