Қазақстандағы ең жас әкім 27 жаста
Еліміздегі ең жас әкім Маңғыстау облысында қызмет етеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ауыл әкімдерінің алғашқы диалог-платформасында еліміздегі ең жас мемлекеттік қызметші таныстырылды. Маңғыстау облысынан келген делегация құрамында Шебір ауылдық округін басқаратын 27 жастағы азамат бар.
Ауылды өркендету және жергілікті басқару жүйесін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған маңызды жиынға Маңғыстау өңірінен барлығы 34 ауыл басшысы қатысты. Олардың арасында Маңғыстау ауданына қарасты Шебір ауылдық округінің әкімі Сағынжан Тұрақбаев ерекшеленді. Ол 2024 жылдың наурыз айында өткен сайлауда ауыл тұрғындарының тікелей дауыс беруі нәтижесінде жеңіске жетіп осы жауапты лауазымға тағайындалған болатын.
Жас басшы өзіне жүктелген міндеттің салмағын терең түсінетінін жеткізді.
«Жаспын деп еркелеуге болмайды. Барлық іске жауапкершілік керек. Ауыл тұрғындарының сенімі мен аманаты бар. Сондықтан бәріміз бірге жұмыла жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті Сағынжан Тұрақбаев.
Сағынжан Қыдырбекұлы 2019 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2020 жылдың наурыз айында Шебір ауылдық округі әкімінің аппаратында жастар практикасынан бастады. Кейін сол жылы маусым айында бас маман болып бекітіліп 2023 жылдың қазан айына дейін аталған ауылда тапжылмай қызмет етті. 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың наурызы аралығында көршілес Тұщықұдық ауылы әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарды. Ал биылғы жылдың 18 наурызынан бастап Шебір ауылдық округінің әкімі ретінде ресми қызметіне кірісті.
Еске сала кетейік, бүгінгі жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдері институтын жетілдіру жайлы маңызды мәлімдемелер жасады. Қазір еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі қызмет етуде, орташа жасы 43. Олардың басым бөлігі, яғни 80 пайызы бүгінгі тарихи басқосуға қатысты.
Соңғы жаңалықтар