Қазақстандағы оқиға әлемдегі ең бай адамның назарын аударды
Шығыс Қазақстанның тауларында болған оқиға әлемдегі ең бай адамдардың бірі Илон Масктың назарын аударды. Ұялы байланыс ұстамайтын жерде қалып қойған 5 қазақстандықтың құтқарылуына оның Starlink спутниктік интернеті көмектескен, деп хабарлайды Politico.kz.
8 қарашада Илон Маск X әлеуметтік желісінде осы оқиға туралы жазбаға пікір қалдырды.
«Starlink адам өмірін сақтайды», – деп жазды миллиардер.
Оқиға қазан айының соңында Күршім ауданында болған. 5 адам мінген жол талғамайтын көлік Қыстау-Күршім ауылынан шамамен 15 шақырым жердегі тауда бұзылып қалған.
Бұл маңда ұялы байланыс болмаған. Алайда жолаушылар Starlink спутниктік интернеті арқылы құтқарушыларға хабар бере алған.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көмекке шыққан құтқарушылар «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен 100 шақырымға жуық жол жүріп, тауда қалған адамдарға жеткен. Кейін олардың көлігін Қыстау-Күршім ауылына дейін алып барған.
5 адамның ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
Айта кетейік, Starlink – Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының спутниктік интернет жүйесі. Ол ұялы байланыс желісі жетпейтін шалғай аймақтарда да интернетке қосылуға мүмкіндік береді.
Starlink saves lives
— Elon Musk (@elonmusk) November 8, 2026
Соңғы жаңалықтар