Қазақстандық банкті тонаған ресейлік күдіктілер елімізге көлік алу үшін келген
Ресейдің Иваново қаласының соты Павлодарда 2024 жылы 11 қарашада болған аса ірі банк тонау ісіне қатысы бар деген күдікпен Ресейдің үш азаматын қамауға алып, тағы бір күдіктіні үйқамаққа алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, күдіктілер Павлодар қаласындағы Halyk Bank бөлімшесіне қабырғаны бұзып кіріп, ақша мен зергерлік бұйымдарды алып кеткен. Ресей соты материалдарына сүйенсек, келтірілген шығын көлемі шамамен 400 миллион рубльді құрайды, бұл қазіргі бағам бойынша 2,6 миллиард теңгеге жуық. Оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында аса ірі көлемде ұрлық жасады деген айып тағылған. Сонымен қатар, ұрланған мүлік 23 Қазақстан азаматына тиесілі екені көрсетілген.
Қамауға алынған күдіктілердің бірінің қорғаушысы тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, оның қорғауындағы адам мен өзге де фигуранттардың банк тонауына еш қатысы жоқ, олар тек қылмыс болған күні Павлодар қаласында болғаны үшін күдікке ілінген.
"Менің қорғауымдағы азамат, оның танысы және тағы екі Ресей азаматы сол күні Павлодарда жүргені үшін ғана айыпталуда. Басқа нақты дәлелдер жоқ, тіпті РФ азаматтарының екі жұбы арасында қандай да бір байланыс анықталмаған", — деді адвокат Анастасия Терехова (РИА Новости дерегінше).
Оның сөзінше, күдікті мен оның танысы Павлодарға автокөліктерді қарап, кейін оларды Ресейге апарып қайта сату мақсатында келген.
Соңғы жаңалықтар