Қазақстандық шенеунік Дубайда 746 млн теңгесінен айырылып қалды

13.08.2026 13:20 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстандық шенеунік Дубайда 746 млн теңгесінен айырылып қалды
222
Фото: topluxuryproperty.com

Мемлекеттік кірістер комитетінің бұрынғы қызметкері Дубайдағы сәулетті жылжымайтын мүлікке $1,6 млн инвестиция құйып, алданып қалды, деп хабарлайды Выход к морю телеграм-арнасы.

Салтанат Матқұлова ұзақ жылдар бойы салық саласында жұмыс істеген. Ол Дубайдағы World Islands жасанды аралдарында екі пәтер сатып алған. Бұл апартаменттерге әйел $1,6 млн немесе қазіргі бағаммен 746 млн теңге салған. Бірақ құрылыс компаниясы жобаны тоқтатып тастаған. Осылайша қазақстандық шенеунік Дубайдағы алданған үлескерлердің қатарына қосылды.

Выход к морю арнасының мәліметінше, инвестиция 2008 бен 2014 жылдар аралығында салынған болуы мүмкін. Бұл уақытта Матқұлова елорданың Есіл ауданындағы салық басқармасында қарапайым қызметте болған. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жылжымайтын мүлік иелерінің құжаттары 2022 жылы жарияланып кетті. Ол жерде экс-шенеунік 136 және 88 шаршы метр болатын екі пәтердің иесі ретінде көрсетілген. Қазір Салтанат Матқұлова мемлекеттік қызметтен кетіп, жеке кәсіпкер атанған.

Мәселе Джумейра ауданынан екі шақырым жерде орналасқан үш жүз жасанды аралдағы Pangkor Laut Luxury тұрғын үй кешені туралы болып отыр. Бұл жоба 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін қиындыққа ұшыраған. Тұрғын үйді City-A Development атты қазақстандық компанияның еншілес ұйымы City-D Investments Limited салмақ болған. 2018 жылы оның иесі Гүлнар Мұсабаева Қазкоммерцбанктегі қайтарымсыз несиелер ісі бойынша қамалған еді.

Мұсабаева тергеу изоляторында отырғанда оның күйеуіне тиесілі Алғабас девелопмент компаниясындағы үлесі небәрі 700 мың теңгеге сатылып кеткен. Бұл мекеме Алматыдағы ірі жол айрықтарын салып, қалада жүзден аса жер теліміне иелік еткен. Бірнеше айдан соң Мұсабаева босатылып, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іс жабылды.

Қазіргі уақытта City-D Investments Limited және арал құрылысының операторы Nakheel холдингі арасында сот жүріп жатыр. Араб компаниясы инфрақұрылым дайындауға міндетті болған. Холдинг қазақстандық кәсіпкерлерді қаматпақ болғанымен, сотта жеңіліс тапты. Енді олар құрылыс компаниясы мен үлескерлерге депозиттерін қайтарып, өтемақы төлеуге тиіс.

Матқұлованың өз ақшасын қайтара алған-алмағаны әзірге белгісіз. Арна авторларының пікірінше, Мұсабаеваға қарсы қылмыстық іс Дубайдағы жобаның басқа да ықпалды үлескерлерінің қысымымен қозғалуы мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий