Қазақстандық төреші құлап қалған ресейлік спортшыны бірінші орынға қойды
2026 жылы Миланда өтіп кеткен Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық төреші мәнерлеп сырғанаудан сынға түскен ресейлік спортшыға қателігіне қарамастан жоғары баға берді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Forbes.com-ға сілтеме жасап.
Миландағы Олимпиада ойындарында қазақстандық төреші Надежда Парецкая төрт айналымдық секіру кезінде құлап қалған ресейлік спортшы Аделия Петросянды басқалардың қателік деп танығанына қарамастан бірінші орынға қойды.
Тоғыз адамнан тұратын қазылар алқасының егжей-тегжейлі нәтижелері қазақстандық маманның бағалауында айтарлықтай ауытқулар бар екенін көрсетті. Еркін бағдарламада америкалық және жапониялық спортшылар өз өнерлерін таза орындап шықса да, Парецкая олардың ұпайын төмендетіп, ресейлік мәнерлеп сырғанаушыны көшбасшы етті. Нақтырақ айтқанда, ол Петросянның көрсеткішін орташа есептен сегіз ұпайға жуық асырып, чемпион атанған Алиса Людің бағасын дәл осыншама ұпайға кеміткен. Сонымен қатар қазақстандық төреші Ресейде туып, қазір Грузия мен Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген Анастасия Губанова мен София Самоделкинаның да ұпайларын сәл көтерген.
Жарыс қорытындысы бойынша америкалық Алиса Лю алтын медаль иеленіп, жапониялық Каори Сакамото мен Ами Накаи екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
«Бұл ұпайлардың әртүрлі болуы қалыпты жағдай және ауытқуларды азайту үшін ең жоғары немесе төменгі бағалар әдетте есепке алынбайды», – деді Халықаралық коньки тебушілер одағының өкілі.
Ұйым өкілдері жарыстың әділдігін қамтамасыз ететін арнайы комитет жұмыс істейтінін еске салып, берілген ұпайларға толық сенім артатынын жеткізді. Ресми мәліметтерге сәйкес, Надежда Парецкая Алматы қаласы бойынша Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанаушылар одағы филиалының басшысы болып табылады және Миландағы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан халықаралық дәрежедегі төреші ретінде барған.
Әлеуметтік желі қолданушылары шетелдік басылымдарда жарық көрген бұл ақпаратқа қатысты өз пікірлерін жаппай жазып жатыр.
Соңғы жаңалықтар