Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына қатысты жаңа өзгеріс енгізіледі
2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдік жойылмайды, тек өтемақы төлеу тетігі жаңартылады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік бұрынғыдай толық көлемде сақталады және Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытуға және азаматтардың өз зейнетақы активтерін басқару мүмкіндігін кеңейтуге байланысты енгізіліп отыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтар енді зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50 пайызбен шектелген болатын.
Министрлік бұл өзгеріс азаматтардың басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және тәуекел деңгейін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеу тетігі де жетілдірілмек.
Сонымен қатар министрлік зейнетақы жинақтарының сақталуы қолданыстағы заңнама аясында толық қорғалатынын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар