Қазақстаннан 60 тоннадан астам қорғасынды заңсыз шығару әрекетінің жолы кесілді

Қазақстаннан заңсыз шығарылмақ болған ірі көлемдегі қорғасын мен металл сынықтары ұсталды
Қазақстанда тонналаған қорғасын мен металл сынықтарын елден заңсыз алып өтпек болған әрекеттердің жолы кесілді. Бұл туралы полиция хабарлады.
Жетісу облысында полиция қызметкерлері Экономикалық тергеу департаментімен және кеден қызметімен бірлесіп, ірі көлемдегі қорғасынды заңсыз шығару әрекетінің алдын алды. Жалпы салмағы 60 тоннадан асатын металл тиелген екі жүк көлігі ұсталды. Жүктің нарықтық құны 60 миллион теңгеден асады. Алдын ала мәлімет бойынша, қорғасынды шетелге заңсыз алып кету жоспарланған. Полиция қылмыстық схеманы ұйымдастыруға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтауда.
Бұған дейін де еліміздің басқа өңірлерінде осындай заңсыз әрекеттер тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысында бір компания жоғары легирленген болат түрінде қара металл сынықтарын шығармақ болған. Полицейлер бір мың тоннаға жуық металл сынығын, соның ішінде көрші елге жіберуге дайындалған жеті вагонды тапты.
Маңғыстау облысында Каспий маңы аймағындағы елдердің біріне теңіз арқылы металл сынықтарын жөнелту арнасы анықталды. Кәсіпорын аумағынан 400 тоннадан астам металл сынығы табылды. Екі контейнер экспортқа дайындалған еді. Барлық анықталған фактілер бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жаңалықтар





