Қазақстанның үш облысында әскери техника қозғалады: Қорғаныс министрлігі ескертті
Қазақстан аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) «Рубеж-2026» бірлескен әскери оқу-жаттығуына дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Осыған байланысты қыркүйек айында үш облыстың аумағында әскери техника мен әскери қызметшілердің жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери техникалар мен жеке құрам 7-30 қыркүйек аралығында Алматы, Жамбыл облыстары және Жетісу облысы аумағында қозғалады.
Негізгі оқу-жаттығу шаралары 12-19 қыркүйек күндері Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында өтеді.
Ведомствоның хабарлауынша, дайындық барысында әскери бөлімдердің қайта топтасуы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау мәселелері пысықталады. Далалық оқу-жаттығулар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес ұйымдастырылады.
«Рубеж» оқу-жаттығуы тұрақты түрде өткізіліп, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің аумағында кезекпен ұйымдастырылады.
Қорғаныс министрлігі тұрғындарды, БАҚ өкілдерін және әлеуметтік желі қолданушыларын әскери техниканың қозғалысына қатысты тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды. Ведомство жалған немесе расталмаған мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Соңғы жаңалықтар