Қазақтың қарапайым жігіті музыканың арқасында мұхит асып Америкада өнер көрсетуде

16.03.2026 09:50 Арман Ермеков
Қазақтың қарапайым жігіті музыканың арқасында мұхит асып Америкада өнер көрсетуде
209
Фото: Digitalbusiness.kz

Алматылық Айдос Хамитов бала күнінен музыкаға бейім болып, қазіргі таңда Америка Құрама Штаттарының бірнеше симфониялық оркестрінде өнер көрсетіп жүрген дарынды жас. Ресейдің ең беделді консерваториясын тәмамдап, мұхит асқан отандасымыз өзінің өмір жолы мен шетелдегі музыканттардың табысы туралы Digital Business Finance басылымына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жасы 31 келген Айдос қарапайым алматылық отбасында дүниеге келген. Ата-анасы музыка саласынан алыс болғанымен, әкесі домбыра тартып, анасы халық әндерін шырқағанды жақсы көретін. Баласының табиғи дарынын байқаған олар Айдосты Ахмет Жұбанов атындағы мамандандырылған музыка мектебіне береді. Бастапқыда виолончель сыныбында 7 жыл оқыған ол кейінірек ұстазының кеңесімен контрабасқа ауысып, осы аспаптың қыр-сырын тез меңгеріп кетеді.

2013 жылы Айдос Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияға оқуға түседі. Оған жылына 12 мың доллар көлемінде грант бөлінгенімен, бұл қаржы Ресей астанасындағы оқу мен пәтер ақысын толық жабуға жетпейтін еді. Сондықтан ол 18 жасынан бастап ата-анасынан ақша сұрауды доғарып, оркестрлерде және Юрий Куклачевтің мысықтар театрында қосымша жұмыс істей бастайды.

Консерваторияны аяқтаған соң елге оралған жас музыкант Жамбыл атындағы филармонияның Мемлекеттік симфониялық оркестріне жұмысқа орналасады. Ол күндіз филармонияда классика ойнаса, кешке барларда бас-гитарамен рок-н-ролл орындап, демалыс күндері тойларда өнер көрсететін. Тапқан табысының басым бөлігін Еуропаға немесе АҚШ-қа оқуға бару үшін жинаған Айдос кейін Мәскеуде бірге оқыған досының кеңесімен Америкадағы Columbus State University жанындағы Schwob School of Music мектебіне құжат тапсырады.

АҚШ-қа баруға виза рәсімдеу мен билет алуға 2,2 мың доллар жұмсаған ол жылына 33,7 мың долларлық грант ұтып алып, профессордың ассистенті қызметіне орналасады. Дегенмен Колумбус шағын қала болғанымен, мұнда да өмір сүру айтарлықтай қымбат еді: пәтер жалдауға айына 1500 доллар, ал көлік шығындарына 300 доллар кететін болғандықтан, Айдосқа қайтадан қосымша жұмыс істеуге тура келді.

Америкалық оркестрлерге жұмысқа тұру Қазақстан немесе Ресейге қарағанда әлдеқайда қиынға соққан. Ондағы орындау стилінің өзгешелігіне бейімделіп қана қоймай, әрбір мигрант өзін еңбекқор әрі кәсіби маман ретінде нөлден бастап дәлелдеуі тиіс болды. Осыдан кейін ол АҚШ-тағы ең мықты контрабасшылар түлеп ұшқан Индиана университетінің Jacobs School of Music мектебіне оқуға түсіп, әлем бойынша 150 үміткердің ішінен іріктеліп, 40 мың долларлық грант иегері атанды.

Қазіргі таңда Айдос бірнеше оркестрде, соның ішінде Terre Haute Symphony Orchestra ұжымында бас басист ретінде өнер көрсетеді. Мұнда шақырылған музыканттар бір концерттік жоба үшін орта есеппен 600-ден 1100 долларға дейін қаламқы алады. Оның айлық табысы фрилансер ретінде құбылып тұрғанымен, орташа есеппен 3 мың доллардан асады. Ол жексенбі күндері баптистік шіркеуде госпел-музыка орындап та қосымша қаражат табады. АҚШ-та қазақтар мен қырғыздар бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп, бірлескен жобалар жасайтынын айтқан музыкант алдағы уақытта Чикагода тұратын Нұрлан есімді досымен бірге Наурыз мерекесіне орай қазақ музыкасының классикалық концертін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сұхбат соңында Айдос жасанды интеллекттің өнер адамдарын алмастыра алмайтынын, өйткені көрермендер концертке жанды дауыс пен музыканттардың энергиясын сезіну үшін келетінін жеткізді. Ол Орталық Азиядан шыққан жас өнерпаздарға Американың үлкен мүмкіндіктер елі екенін және табандылық танытқан адамның міндетті түрде жетістікке жететінін айтып, жігерлендірді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий