Расул Рысмамбетов: Қазпоштаны заманауи қаржы институтына айналдыру қажет

Расул Рысмамбетов: Қазпоштаны заманауи қаржы институтына айналдыру қажет
04.08.2025 09:20
0
142
Сурет: Ашық Дереккөз
Экономист Расул Рысмамбетов «Қазпоштаны» модернизациялап, оның негізінде заманауи пошта-қаржы және сақтандыру институтын құруды ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ

Экономист Расул Рысмамбетов Қазпоштаны заманауи қаржы, пошта және сақтандыру қызметтерін ұсынатын ауқымды ұлттық құрылымға айналдыруды ұсынады. Бұл бастаманы ол өзі осы салада еңбек еткен 1997 жылдардағы тәжірибесіне сүйене отырып көтеріп отыр.

Сол жылдары пошта тек хат-хабар мен телеграмма жеткізумен ғана шектеліп, қиын жағдайда тұрған. Рысмамбетов басқарған команда пошта құрылымына банк қызметін енгізіп, зейнетақы мен жәрдемақыны тарату жүйесін қалыптастырған. Сонымен қатар Халық банкінің жабылуға шақ қалған жүздеген бөлімшесін де Қазпошта өз қарауына алған.

– Қазақстанда ауыл халқы банк қызметтеріне толық қол жеткізе алмай отыр. Көптеген банктер цифрлық жүйеге көшіп, бөлімшелерін жауып жатыр. Бұл әсіресе шалғайдағы тұрғындарға ауыр тиюде, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, дәл осы сәтте Қазпоштаны жаңғыртып, оны банк, пошта және сақтандыру қызметтерін біріктіретін мемлекеттік қаржы институтына айналдыру маңызды. Жапония тәжірибесін мысалға келтіреді, онда әр азамат 16 жасында пошта арқылы жинақ шотын ашып, зейнетке шыққанға дейін сонда қаражат жинайды. Бұл жүйеге мемлекет кепілдік береді.

– Қазпошта маркетплейстер үшін жеткізу мен төлем жүргізуді қамтамасыз ете алады. Қазір бұл қызметті негізінен Яндекс пен курьерлік компаниялар атқарады. Ал олар халыққа қымбатқа түседі, – дейді ол.

2024 жылы Қазақстан әлеуметтік төлемдерге 5,3 триллион теңге бөлген. Бұл республикалық бюджеттің төрттен бірі. 2,4 миллион адам зейнетақы, 2,1 миллион азамат түрлі жәрдемақы алған. Бұл төлемдердің бәрі екінші деңгейлі банктер арқылы жүріп, банктерге табыс әкеліп отыр.Кейбір қызметтері үшін бюджеттен өтемақы да алып отыр.

– Осы төлемдерді біртіндеп Қазпошта арқылы жүргізуге көшірсек, бұл компанияның өз табысы өсіп, оны жаңғырту мен жаңа қызметтерді енгізуге мүмкіндік туар еді, – дейді экономист.

2024 жылы Қазақстанда сақтандыру нарығы 1,5 триллион теңгеге жеткен. Бұл салада да Қазпошта өз орнын таба алады. Мысалы, көлік иелерінің міндетті сақтандыруы, жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан қорғау, әлеуметтік сақтандыру сияқты қызметтерді пошта арқылы ұсынуға болады. Бұл ел үшін де, қарапайым азамат үшін де тиімді шешім болар еді.

Сарапшы Қазпоштаны жекешелендіруге болмайтынын айтады. Өйткені жеке меншік иесі ауылдағы бөлімшелерді жабуға мүдделі болуы мүмкін. Ал бұл онсыз да шеткері қалған елдімекендердің одан әрі оқшаулануына әкеледі.

– Қазпошта қазіргі заманда маркетплейс, жеткізу қызметі, төлем жүйесі мен логистиканы өзара біріктіріп, жаңа деңгейге көтеріле алады. Қытайдағы Alibaba компаниясымен әріптестік орнатқан Қытай поштасы сияқты, бізде де Kaspi немесе Халық банкпен бірігіп, тиімді үлгі жасауға болады, – дейді Рысмамбетов.

Расул Рысмамбетовтың пікірінше, Қазпоштаны қайта жаңғырту және оны жоғарыда аталған қаржылық және сақтандыру бағыттарындағы қызметтерді кеңейтуге бағытталған мемлекеттік стратегия – бұл тек компанияның рентабельділігін арттырудың емес, сонымен қатар елдегі, әсіресе ауылдық аудандардағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудің, инфрақұрылымды дамытудың және қаржылық инклюзивтілікті нығайтудың ажырамас бөлігі.

Экономист Қазпоштаны заманауи, тиімді әрі халыққа қызмет ететін мекеме ету үшін кешенді реформа жүргізу қажеттігін айтады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий