"Бауыздап кетемін": Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымоваға қорқытулар келіп жатыр

Марқұм Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, іс бойынша бір топ адам сотталуы керек еді. Бұл туралы POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Бір топ адам болып келді, бір топ адам болып сотталуы керек еді. Бұл қателік Айтбек мырзаның тобының қателігі. Олар бізге "бұзақылық" бабымен іс қозғалғанын ескерткен жоқ. Бүкіл бейне дәлелдер бола тұра, бәрі қолымның ұшы тиген жоқ дейді", – деді Нұрымова.
Сонымен қатар Перизат Нұрымова куәгер ретінде қатысқан екі қыздың ісі бойынша да пікір білдірді.
“Екі қызға қатысты сот бір ай ішінде ақпарат беріледі. Ол кісілерге де үкім шығады. Алматы облысының прокуратурасына тексеріске жіберілді. Олар дер кезінде көмек бермеген және жалған ақпарат таратқан. Полициядан қорыққанымен, басқа адамдардан, таныстарынан да көмек сұрауларына болар еді. Барлығында көмек сұрау мүмкіндігі болды. Ешкім шок алмаған, болған жағдайдың барлығын нақты баяндап тұр. Мысқылдап күлулері де, өлең айтуы да. Шок жағдайында болса, өздерін басқаша ұстар еді”, – дейді Нұрымова.
Сонымен қатар, Нұрымова отбасыларына қысым жасалғанын айтты
“Қорқыныш бар екен деп өмір сүруден бас тартпаймыз ғой. “Біз мәңгілікке отырады деп ойлайсыздар ма?” деп, қолымен бауыздап кетемін деп көрсетті. Барлығы солай жасады. 16 жастағы бала ғана басын еңкейтіп, жылап тұрғанын көрдім. Ол түсініп тұр не болғанын. Ол 16 жастағы балаға адами тұрғыдан кешірім бергенбіз”, – деді ол.
Отбасының қорғаушысы да шешімге қатысты айтып берді.
“Негізі үкіммен келісеміз. Бірақ Қаржаубай мырзаның пікірін тыңдаймыз. Ол келіскен жағдайда біз де келісеміз. Егер Қаржаубай келіспесе, шағым жазамыз. Қаржаубай кәмелетке толмаған балаға кешірім бергенімен, сот өз шешімін шығарды. Бұзақылықпен емес, адам өлтіруге оқталу бабы бойынша қаралуы керек еді. Әзірше үкімге қанағаттандым, бірақ алдағы уақытта көре жатармыз. Өтінішті берген менмін. Сондықтан, кейбір жеріне келіспеймін. Фототехникалық сараптама нақты Белғожаев пен Ілиясов Шерзатты пышақтаған соң келіп ұрғаны көрініп тұр”, – дейді адвокат.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев топтық қылмыс болса сотталғандар көбірек алар еді дейді.
“Топтық қылмыс болса, көбірек мерзімге жазаланатын еді. Қаржаубайдың шешіміне қарай ары қарайғы әрекетті ойланамыз. Әріптестерімізді жамандау біздің этикамызға қайшы”, – дейді ол.
Соңғы жаңалықтар





