Қостанай облысындағы жантүршігерлік жол апаты: Екі адам қаза тапты
Қостанай облысында болған ірі жол-көлік оқиғасы екі адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тағы төрт адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Қостанай – Қарабұтақ тасжолында, Бейімбет Майлин ауданына қарасты Валерьяновка ауылының маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Cowin автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mazda 626 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Салдарынан Chery Cowin жүргізушісі мен оның бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар аталған көліктің тағы үш жолаушысы және Mazda 626 жүргізушісі түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Соңғы жаңалықтар