Қостанайда жұрт көзінше тәртіп сақшысының абыройын айрандай төккендер 7 жылға сотталуы мүмкін
Қостанай облысында полиция қызметкеріне күш көрсеткен Ұзынкөл ауданының тұрғындарына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Облыс прокуратурасы бұл іс бойынша айыптау актісін бекітті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, оқиға осы жылдың 18 маусымында Пресногорьковка ауылындағы ойын-сауық мекемелерінің бірінің жанында болған.
27 және 29 жастағы екі жергілікті тұрғын мас күйде болған. Олар учаскелік полиция инспекторының заңды ескертуіне агрессивті жауап беріп, оған зорлық-зомбылық көрсеткен. Нәтижесінде, олар тәртіп сақшысының денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, жұрттың көзінше ауыр сөздермен қорлаған.
Бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің бірден екі бабы – 378-бап «Билік өкілін қорлау» және 380-бап «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сараланды.
Бұл баптардың санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс Қостанай облысының Ұзынкөл аудандық сотына жолданды.
Облыс прокуратурасы билік өкілдеріне агрессия көрсетуге, зорлық-зомбылық жасауға және оларды қорлауға жол берілмейтінін және бұл әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын еске салады. Ведомство азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қызметтік міндеттерін орындап жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар