Құрылтай депутаттарына мандат пен төсбелгі берілді

27.08.2026 14:39 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Құрылтай депутаттарына мандат пен төсбелгі берілді
323
Фото: ОСК

Мәжіліс пен Сенат таратылғаннан кейін құрылған жаңа Құрылтайдың 145 депутаты ресми түрде мандатқа ие болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес қос палаталы парламент таратылған болатын. Оның орнына 5 жылға сайланатын Құрылтай құрылды. Ал 23 тамызда өткен сайлау қорытындысы бойынша бес саяси партия қажетті дауыс жинап өтті.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының 16-ншы отырысы өтіп, оған сайланған барлық депутат қатысты. Жиында комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман 5 партиядан келген өкілдерді тіркеу қаулысын таныстырды.

Осылайша жаңа органда ең көп орынға «Әділет» партиясы ие болды. Олардың атынан 110 адам мандат алды. Қалған орындарды «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 10 депутат, «Respublica» қатарынан 9 өкіл иеленді. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Ақ жол» демократиялық партиясынан 8 адамнан тіркелді.

Жиын соңында барлық депутатқа төсбелгілер мен куәліктер табысталды. Бұл құжаттарды алғандардың қатарында «Әділет» төрағасы Айбек Дәдебай мен «Ауыл» басшысы Қайрат Айтуғанов бар. Сондай-ақ мандаттарын «Respublica» төрағасы Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» төрайымы Дания Еспаева және ЖСДП жетекшісі Асхат Рақымжанов алды.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров жаңа заң шығарушылардың өкілеттігі тіркелген сәттен басталатынын еске салды. Бұл ереже «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңның 44-бабында бекітілген.

«Сіздердің өкілеттіктеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап басталды. Енді сіздер Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңдері заңнама талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі, ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз мен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», - деді Нұрлан Әбдіров.

Құрылтайдың жаңа құрамына өткен депутаттардың толық тізімімен осы жерде танысуға болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий