«Қуығымнан ұратын»: Ақтөбеде сарбаз әскери бөлімде соққыға жығылғанын мәлімдеді

04.09.2026 21:16 Қарақат АСЫЛОВА
«Қуығымнан ұратын»: Ақтөбеде сарбаз әскери бөлімде соққыға жығылғанын мәлімдеді
485
Фото: Видеодан кадр

Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген 18 жастағы сарбаздың соққыға жығылғаны туралы шағым айтылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Lada.kz-ке сілтемемен.

Ақтау тұрғыны Досымбет Еркебұлан әскер қатарына 3 шілдеде шақырылған. Анасының айтуынша, 4 қыркүйекте оған ауруханадан қоңырау түсіп, ұлының медициналық мекемеде үшінші күн жатқанын хабарлаған.

Алғашында жас сарбазды уролог тексерген. Алайда жүргізілген талдаулардан инфекция анықталмаған. Кейін дәрігер травматологты шақырып, ол сарбаздың денсаулығына қатысты мәселелер жарақат салдарынан болуы мүмкін екенін айтқан.

Анасының сөзінше, дәрігермен сөйлескеннен кейін ұлы әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрып-соққанын айтқан. Травматолог сарбазбен сөйлескен соң полиция шақырған. Сарбаз құқық қорғау органдарына арыз жазған.

Кейін полицияда болған кезде анасы ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен. Сол кезде сарбаз оны аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын мәлімдеген.

Жас сарбаздың анасы мен туыстары жағдайды анықтау үшін Ақтаудан Ақтөбеге шұғыл жолға шығуды жоспарлап отыр.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі аталған факті бойынша Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының тергеу бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Тергеу нәтижесінде оқиғаға жан-жақты және объективті құқықтық баға берілетіні айтылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий