Қырғызстандық сарапшы: Көкпар мен көкбөріні біріктіріп, «ұлақ» деп атайық

21.07.2026 20:52 Томирис САҒЫНДЫҚ
Қырғызстандық сарапшы: Көкпар мен көкбөріні біріктіріп, «ұлақ» деп атайық
69

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының авторы, белгілі туризм сарапшысы Мақсат Чаки қырғыздың «көкбөрісі» мен қазақтың «көкпарын» бір арнаға тоғыстырып, баршаға ортақ біріңғай ереже әзірлеу бастамасын көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Көкбөріні біз біріктірсек болады. Қазіргі таңда «көкбөрі» немесе «көкпар» деп айтылуы да дұрыс. Әр ел өзіне тән атауын қолданады: мысалы, өзбектер «улоқ көкпари» десе, тәжіктер «бузкаши» деп атап жүр. Бұл да дұрыс, әр халық өзінің ұлттық атауын айтады. Бірақ қазақ пен қырғыз — негізінен осы ұлақты бірге ойнаған халықтар. Ендеше, бір конфедерация құрайық. Ал ол конфедерацияның атын қалай атаған жөн? «Көкбөрі» десек, қазақтар ренжиді. «Көкпар» десек, қырғыздар ренжиді», — деді Мақсат Чаки.

Осы орайда сарапшы ойынның байырғы әрі ортақ атауын қайта жаңғыртуды ұсынды. Оның пікірінше, көкпарды ендігі жерде түп-тамыры бір, баршаға түсінікті «ұлақ» сөзімен атау — тараптарды мүдделер қайшылығынан арылтып, бірлікке бастайтын сындарлы жол.

«Сондықтан мен қазір мынадай ұсыныс тастағым келеді: әуелден, ата-бабамыздан келе жатқан «ұлақ» сөзін қолданып, неге Ұлақ конфедерациясын ашпасқа? Мен сіздің арнаңыз арқылы осы ұсынысты ресми түрде білдіргім келеді. Ұлақ конфедерациясын біріктірсек... Мысалы, Көкбөрі федерациясы, Көкпар федерациясы, өзбектердің «Улоқ көкпари» федерациясы, тәжіктердің «Бузкаши» және басқа да барлық федерацияны бір арнаға жинап, Ұлақ конфедерациясын құрсақ. Содан кейін ортақ ереже бекітсек. Ортақ! Мысалы, тек қазақтікі, өзбектікі немесе қырғыздікі емес — баршаға ортақ ереже. Сосын осы Дүниежүзілік ойындарда осы «ұлақ» ойыны ретінде, «ұлақ» ережелерімен, Ұлақ конфедерациясының атынан шықсақ, меніңше, қазақ та, қырғыз да, өзбек те ренжімейді», — деді сарапшы.

«Ұлақ» деген не мағына береді», — деп сұрады журналист.

«Ұлақ» сөзі — байырғы заманнан бері ата-бабаларымыз қолданып келген сөз. «Көкпар» да, «көкбөрі» де емес. Сіз өзіңіз де тарихты зерттеп көрсеңіз болады...» — деді Мақсат Чаки.

Войдите, чтобы оставить комментарий