Қытай Қазақстанға 30 млрд доллар инвестиция салды: Тоқаев Шанхайда ірі бизнес өкілдерімен кездесті

16.07.2026 14:37 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қытай Қазақстанға 30 млрд доллар инвестиция салды: Тоқаев Шанхайда ірі бизнес өкілдерімен кездесті
75
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға барған жұмыс сапары аясында Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен дөңгелек үстел форматында кездесті, деп хабарлайды Politico.kz.

Екі ел арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берген мемлекет басшысы қытайлық серіктестерге ризашылығын білдіріп, өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.

«Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саяси сенімнің жоғары деңгейі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайтынын жеткізген президент бүгінде бірлесіп қолға алынған жаңа жобалар мен рекордтық көрсеткіштерге тоқталды.

«Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 млрд долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 млрд доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түстік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді», – деді Президент.

Войдите, чтобы оставить комментарий