Қытайда $19 млн пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді

24.06.2026 14:41 Қарақат АСЫЛОВА
Қытайда $19 млн пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді
164
Фото: Наньчан қаласының соты

Қытайдың Цзянси провинциясындағы Наньчан қаласының соты Шанхай парткомы тұрақты комитетінің бұрынғы мүшесі Чжу Чжисунды аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Xinhua.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек бұрынғы шенеунік 2003 жылдан 2024 жылға дейін өзінің қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне ұзақ уақыт бойы пайдаланып келген. Ол түрлі ұйымдар мен жеке тұлғаларға бизнес жүргізуге, құрылыс мердігерліктерін алуға және несие рәсімдеуге заңсыз көмектесіп, сол үшін тікелей немесе делдалдар арқылы жалпы сомасы 139 млн юань немесе $19,46 млн көлемінде ақшалай және мүліктік пара алғаны анықталды.

Сот үкімімен Чжу Чжисун барлық саяси құқықтарынан өмір бойына айырылып, жеке мүлкі толық тәркіленумен қатар оған екі жылға кейінге қалдырылған өлім жазасы тағайындалды.

Мұндай жеңілдік сотталушының өз кінәсін толық мойындап, тергеуге белгісіз болған жемқорлық деректерін өз еркімен ашуына және заңсыз жиналған қаражаттың үлкен бөлігін мемлекет кірісіне қайтаруға белсенді түрде жәрдемдескені үшін жасалып отыр.

Жалпы Қытайдың заңнамалық тәжірибесінде сотталған адам екі жылдық сынақ мерзімінде жаңа қылмыс жасамаса өлім жазасы көбінесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылады, ал үлгілі тәртіп көрсеткен жағдайда бұл мерзім одан әрі қысқартылуы мүмкін.

Айта кетейік, осыған дейін аспанасты елінде ірі мұнай компаниясының экс-басшысы да дәл осындай жемқорлық әрекеттері үшін өлім жазасына кесілген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий