Қытайлық Tencent Kaspi.kz акционері атанды
Қытайлық алып саналатын Tencent технологиялық компаниясы, Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе және басқа да инвесторлар Baring қорларынан шамамен 6 млн акцияны сатып алып, компанияның акционерлер құрамын өзгертті, деп хабарлайды Politico.kz.
"Tencent – Қытайдың ең ірі технологиялық компаниясы, суперқосымша моделін жасаушы және 1,3 млрд адам қолданатын WeChat желісінің авторы, сондықтан оларды ірі акционерлеріміздің қатарында көруге қуаныштымыз", – деді Михаил Ломтадзе.
Оның сөзінше, бұл инвестиция компанияның ұзақ мерзімді стратегиясына деген үлкен сенімді білдіреді.
"Біз сондай-ақ финтех саласындағы Spice Expeditions халықаралық инвестициялық компаниясын және америкалық Washington University мен WISIMCO қорларын ұзақ мерзімді акционерлер қатарында қарсы алуға қуаныштымыз", – мәлімдеді компания басшысы.
Айта кетейік, Шэньчжэнь қаласында орналасқан Tencent 1998 жылы құрылып, қазіргі таңда жасанды интеллекттен бастап ойын индустриясына дейінгі ауқымды саланы қамтитын цифрлық империяға айналған. Олардың басты жобасы саналатын WeChat қосымшасы арқылы миллиардтан астам адам тек хат алмасып қоймай, такси шақырып, коммуналдық төлемдер жасап, дүкеннен сауда жасай алады.
Бұл конгломерат әлемдегі ең ірі бейне ойын шығарушысы ретінде League of Legends ойынын жасаған Riot Games студиясына толық иелік етеді, сондай-ақ Brawl Stars авторы Supercell компаниясының бақылау пакетін ұстап отыр. Бұған қоса олар Epic Games пен Ubisoft сияқты алпауыттардың үлесіне де ие.
Қытайдағы қолма-қол ақшасыз төлемнің көшбасшысы WeChat Pay жүйесін енгізген бұл компания бұлтты технологиялар мен үлкен деректер саласында да белсенді жұмыс істейді. Технологиядан бөлек электромобильдер мен медиа саласына, оның ішінде Tesla және Spotify сияқты халықаралық брендтерге де ірі көлемде инвестиция құйған.
Соңғы жаңалықтар