Қызылорда облысында қаза тапқан полицейдің жары сол түні не болғанын айтты

14.09.2026 16:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қызылорда облысында қаза тапқан полицейдің жары сол түні не болғанын айтты
263
Фото: Stan.kz

Қызылорда облысының Арал қаласында қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакеновтің жары күйеуінің денесі күдіктінің үйінде шөптің арасына жасырылған күйде табылғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

38 жастағы полиция майоры Мырзажан Іскендірұлы Жакенов 31 тамызда қаза тапқан. Оның денесі күдіктінің үйінен зорлық белгілерімен табылған.

Полиция мәліметінше, марқұм бұған дейін күдіктіні отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оған қатысты қорғау нұсқамалары да шығарылған.

Марқұмның жары Лаураның айтуынша, Мырзажан 30 тамыз күні кешке дейін үйде болған. Сол күні ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 17 жыл толған.

Лаураның сөзінше, күйеуі сол күні інісімен бірге аула тазалап, есік алдына бетон төсеген. Жұмыс кешкі сағат 19.00 шамасында аяқталған.

Оның айтуынша, Мырзажан бастапқыда 25 тамыздан еңбек демалысына шығуды жоспарлаған. Кейін басшылық демалыстың 28 тамыздан басталатынын айтып, ол өтінішіндегі күнді өзгерткен. Алайда демалысқа шығару туралы бұйрық уақытында рәсімделмеген.

30 тамызда Мырзажан бұл мәселені телефон арқылы біреумен талқылаған.

«Негізі ол 28 тамызда жұмыста толық күн болып, сол күні еңбек демалысына өтінішін жазып қалдырған. Мен де “енді қашан шығасың?” деп сұрадым. “Әлі бұйрыққа қол қоймай жатыр” деп айтты. Содан сағат сегіздерде кешкі асымызды іштік. Сол күні шаңырақ көтерген күнімізді атап өтіп жатқан едік», – деді Лаура.

Кешкі сағат 21.00 шамасында ерлі-зайыпты өз көліктерімен Мырзажанның жолдасының үйіне барған.

Лаура күйеуінің көлікке отырар алдында тағы телефонмен сөйлескенін естіген. Оның айтуынша, Мырзажанға келесі күні күндізгі нарядқа шығуы керегі айтылған. Сонымен бірге бұл мәселені басшылықпен өзі барып сөйлесіп анықтау қажеттігі жеткізілген.

Мырзажан еңбек демалысына шығару туралы бұйрық әлі шықпағанын айтып, жағдайды нақтылау үшін 104 нөміріне хабарласуды ойлаған.

«Сөйтіп телефонын қойды. Кім деп сұрағанымда “кадр ғой” деді. Содан жолдас баласының үйіне бардық, шай ішіп, әңгімелесіп отырдық. “Қой қайтайық, ертең күндізгі нарядқа жазыпты” деді. Күйеуімнің сөзін жолдас баласы да естіді. Сағат түнгі 01:30-да қайтып келе жаттық. Есік алдына келгенде “шұғыл шақырту беріп жатыр, сен үйге кіре бер” деді. “Не шақырту” деп едім, “әйелін күйеуі ұрып жатыр екен, телефоныма хабарлама жіберіпті” деді. Мен де көріп, “102 хабарлассай” деген едім, “мені әлі еңбек демалысына  шығармады ғой, әйеліне бірдеңе болып қалар, баруым керек” деп тез асығып кетіп қалды. Бір өкініштісі, 102 тіркетпейді, хабарласқан адамдарға өз нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.  Бүкіл полицейлер сондай, өз учаскесіндегі адамдарға 102 шықпай, өзімізге тікелей хабарлаңдар деп айтқызады. Ол дұрыс емес қой», – деді Лаура.

Марқұмның жары Мырзажанға келген хабарлама мен шақырту оның телефонында сақталғанын айтты. Ол күйеуінің сол түні қызметтік міндетін орындау үшін кеткеніне сенімді.

Мырзажан үйден кеткеннен кейін Лаура оның қайтып оралуын күткен. Түнгі сағат 04.00-де ұлы әкесіне қоңырау шалған, алайда телефоны бос болмаған.

Лаура күйеуін жұмыс бабымен жүр деп ойлап, таңғы 06.30-ға дейін ұйықтамаған.

Кейін үлкен ұлына хабарласып, әкесінің әжесінің үйіне барған-бармағанын сұраған. Ол жақта болмағаны белгілі болған соң, Мырзажанның достарына қоңырау шалған. Олар іздеуге кіріскен.

Лаура күйеуінің қаза тапқаны туралы хабарды түстен кейін естігенін айтты.

«Достарына да іздеу салып, қай уақытта тапқанын білмеймін, суық хабарды түстен кейін естідім… Менің жолдасымды күдікті өз гаражында айуандықпен, азаптап өлтіріп, фуфайкаға (қалың қыстық киім) орап, үстіне шөпті үйіп, таппасын деп тығып тастаған. Ақтық сапарында маған және анасына, бауырларына дидарын көрсетпеді. Жан жарымның қолын ұстап қоштаса алмадым, шығарып сала алмадым. Әлі де өлгеніне сенбеймін…», – деді марқұмның жары.

Лаура күйеуін бір адамның ғана өлтіргеніне күмән келтіретінін де жеткізді.

«Күйеуімді бір адам өлтірді деп ойламаймын. Бірнеше қаруды бір уақытта бір адам қолдана алмайды. Тағы да қасында адамдар бар деп ойлаймын. Бұл қылмыскерлер тез табылып, қатаң жазаларын алсын деймін. Қашып жүрген адам өте қауіпті. Басқа азаматтарға зияны тимей тұрғанда, тез тауып, қатаң жазасы берілсін. Мен әділдікті сұраймын. Менің жолдасымның қабірде жаны тыныш жатсын», – деді Лаура.

Марқұмның туыстары да қылмысқа бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Олардың айтуынша, сот-медициналық сараптама кезінде Мырзажанның денесіне үш түрлі затпен соққы жасалғаны туралы мәлімет айтылған.

«Сот-медициналық сараптама кезінде марқұмның денесіне үш түрлі қарумен  балта, темір (лом) және күрекпен соққы жасалғаны анықталған деп айтылды. Үш қарудың қолданылғаны сараптамада дәлелденген. Сондықтан мұны үш адам істеген болуы мүмкін деп ойлаймыз. Күдіктінің баласы да “мен артынан жасырын келіп ұрдым, кейін әкем жалғастырды” деп мойындағанын естідік. Бұл ақпараттың барлығы тергеу барысында нақты анықталуы керек», – деді марқұмның туысы.

Туыстарының сөзінше, алғашқыда Мырзажанның денесі өз үйінің ауласындағы гараждан табылғаны туралы ақпарат тараған. Кейін полиция мәйіттің күдіктінің үйінен табылғанын мәлімдеген.

«Мырзажанды өлтіргеннен кейін денесін шөптің арасына тығып қойған деген ақпарат болды. Оны ешкім бірден білмеген. Кейін кішкентай бала қорқып, туған әпкесіне барып, “әкем біреуді өлтіріп тастады” деп айтқан. Осыдан кейін олар полицияға хабарлаған. Алғашқы ақпаратта мәйіт өз үйінің гаражынан табылды деген мәлімет тарады. Кейін полиция ақпаратты өзгертіп, марқұмның мүрдесі күдіктінің үйінен табылғанын айтты. Бізге түсініксіз тұсы неге алғашқы ақпаратта басқа мәлімет берілді және неге Мырзажанның еңбек демалысында болғаны қайта-қайта айтылып отыр?», – деді марқұмның туысы.

Марқұмның жақындары үшін негізгі мәселелердің бірі – Мырзажанның қаза тапқан түні қызметтік міндетін атқарған-атқармағанын ресми анықтау.

Туыстарының сөзінше, ол 30 тамыздан 31 тамызға қараған түні шамамен сағат 01.30-да өзіне қарасты учаскедегі отбасылық жанжалға байланысты көмек сұраған әйелдің шақыруына барған.

«Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз. Тек Мырзажанның сол түні қызметтік міндетін атқарғанын құжаттармен анықтауды сұраймыз. Ол көмек сұраған әйелдің шақыруына полиция қызметкері ретінде барған. Егер бармаса, әлгі әйелге бір жағдай болған жағдайда, жауапкершілік қайтадан учаскелік инспекторға жүктелер еді. Мырзажан өз қауіпсіздігінен бұрын, көмекке мұқтаж адамның жағдайын ойлады. Сондықтан оның қаза болғанына қатысты “демалыста болды” деген сөздің айтылғанын қаламаймыз», – деді марқұмның туысы.

Мырзажан Жакеновтің артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Туыстары қылмысқа қатысы бар адамдардың барлығы анықталып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін сұрайды. Сондай-ақ олар марқұмның полициядағы қызметіне тиісті баға берілуін талап етіп отыр.

Марқұмның жақындары ел арасында тарап жатқан түрлі қауесеттерді расталған ақпарат ретінде қабылдамауға шақырды.

«Ел арасында әртүрлі қауесет тарап жатыр. Біз олардың ешқайсысын расталған дерек деп қабылдамаймыз. Мырзажан – адал жар, төрт баланың әкесі, өз қызметіне адал азамат болды. Оның өмірінің соңына дейін полиция қызметкері ретінде міндетін орындағанын білеміз. Бізге ең керегі – оның артында жаман сөз қалмауы. Полиция қатарынан абыроймен шығарып салынғанын қалаймыз. Ол қоғам үшін қызмет етті, енді артында қалған отбасы мен төрт баласына оның жақсы аты қалуы керек. Ал күдіктінің туған әпкесі Аралдағы соттың орындаушысы. Сөйтіп содан қорқып жалған ақпарат та таратып жіберген секілді. Менен басқа да туыстарымыз шындықты жазғанда полицейлер келіп, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұдан қалды, кейін әлдекімдерден "алып тастаңдар, өздерің өлгілерің келіп жүр ме" деп хабарламалар жазылған», – деді марқұмның әпкесі.

Бұл сөздер марқұмның туыстарының мәлімдемесі ретінде келтіріліп отыр.

Тілшілер оқиғаға байланысты Қызылорда облысының Полиция департаментіне сауал жолдаған. Ведомство Мырзажан Жакеновтің оқиға кезінде еңбек демалысында болғанын мәлімдеген.

Полиция сондай-ақ күдіктінің жеке басы анықталғанын және оны ұстау бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлаған.

«Арал ауданында тұрмыстық жанжал барысында учаскелік полиция инспекторына дене жарақаттары салынып, соның салдарынан ол қайтыс болды. Оқиға кезінде қызметкер еңбек демалысында болған. Қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін күдікті отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін қайтыс болған учаскелік инспектор тарапынан бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты қорғау нұсқамалары да шығарылған», – деп жауап берді Қызылорда облысының Полиция департаменті.

Кейін Қызылорда облысының полициясы учаскелік инспектордың өліміне күдікті адамның ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлімдеді.

Полиция мәліметінше, күдікті Арал ауданының 39 жастағы тұрғыны.

«Ол Арал ауданының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады полиция.

Тілшілер күдіктінің әпкесінің қызметіне, сондай-ақ марқұмның қызметте болғаны жөнінде туыстары келтірген деректерге байланысты Ішкі істер министрлігіне де сауал жолдаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий