«Қызымды аман алып қалуға болатын еді»: 12 жастағы қыздың өлімінен кейін туыстары дәрігерлерді айыптады
Орал қаласында 12 жастағы қыз бала облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғаннан кейін бір тәулік өтпей қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.
Марқұмның туыстары дәрігерлер қажетті көмекті дер кезінде көрсетпеді деп есептеп, оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді талап етпек.
Туыстарының айтуынша, қыз 28 маусым күні тамағы қатты ауырып, іріңді баспа (ангина) диагнозымен ауруханаға жеткізілген. Анасы қызымен бірге стационарда қалуға ниет білдіргенімен, баланың жасына байланысты оған рұқсат берілмеген.
Келесі күні таңертең қыз жақындарына хабарласып, өзін нашар сезініп тұрғанын және жүрегі қатты соғып жатқанын айтқан. Біраз уақыттан кейін туыстары ауруханаға келгенде, оған жансақтау бөлімінде көмек көрсетіліп жатқанын естіген. Алайда дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмаған.
Оқиғадан кейін марқұмның жақындары полиция қызметкерлерімен бірге бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шыққан. Олардың сөзінше, палатадағы өзге науқас дәлізге жүгіріп шығып, медицина қызметкерлерін көмекке шақырған. Сондай-ақ зембілдің палата есігіне кептеліп қалғаны бейнежазбада көрінеді.
Марқұмның туыстары медицина қызметкерлерінің әрекетіне күмән келтіріп, уақытылы әрі сапалы көмек көрсетілсе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді деп санайды.
Айта кетейік, 12 жастағы қыз бұған дейін диспансерлік есепте тұрмаған. Оның нақты неден қайтыс болғаны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Қазір туыстары құқық қорғау органдарына жүгініп, медициналық қызметкерлердің әрекетіне қатысты тексеру жүргізуді талап етпек.
Соңғы жаңалықтар