Халыққа жағдайы жоқ жатақхана сатқан депутаттар "жеңіске" жетті
Ақтөбе облысында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй бағдарламасын өз пайдасына жаратып, мемлекетке 8 млн теңге тұратын жатақхананы пәтер ретінде 672 млн теңгеге сатқан бұрынғы депутаттар апелляциялық сотта жеңіске жетті. Сот олардан 672 млн теңге өндіріп алу туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды Politico.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Нәтижесінде олар жылжымайтын мүліктері мен депозиттегі 50 млн теңгеге жуық қаражатын өздерінде алып қалды. Ал жатақхана ғимараты мемлекет меншігіне өтіп, енді оны бюджет есебінен жөндеуге тура келеді.
Апелляциялық алқа Мұғалжар аудандық мәслихатының бұрынғы төрағасы Бақытжан Қадралинге, аудандық мәслихат депутаты Азамат Жәлімбетовке және аудандық сәулет құрылыс пен қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы Әнес Сейілханға қатысты үкімді өзгертті. Судьялар әкімдіктің 672 млн теңге материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабын қанағаттандырудан бас тартты.
Сот шешімімен Ақтөбе қаласындағы 2 пәтер мен Қандыағаштағы 8 тұрғын үйдің, сондай-ақ жер телімдері мен сотталғандардың өзге де мүліктерінің бұғатталуы алынып тасталды. Сонымен қатар Қадралиннің әйелінің депозиттік шотта тұрған 49,7 млн теңгені тәркілеу туралы шешім де күшін жойды.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы Бақытжан Қадралин ескі жатақхананы 8 млн теңгеге сатып алған. Екі жылдан кейін бұл ғимарат 70 пәтерлі тұрғын үй ретінде рәсімделген. Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша аудандық мәслихат төрағасы мемлекеттің жетім балалар мен әлеуметтік жағынан осал топтарға баспана сатып алу жоспарынан алдын ала хабардар болған.
Бұл схеманы іске асыру үшін ол депутат Азамат Жәлімбетов пен аудандық сәулет бөлімінің басшысын тартқан. Ғимаратта газ бен ыстық судың жоқтығына және техникалық талаптарға сай келмеуіне қарамастан, үй байқаудың жеңімпазы деп танылды. Бюджеттен 70 пәтерді сатып алуға 672 млн теңге бөлініп, келісімшарт депутаттың әйелінің атына рәсімделген.
Прокурордың мәліметінше, мәміледен кейін Бақытжан Қадралин түскен ақшаны депозитке салып, үстемеақыдан тағы 67 млн теңгеге жуық пайда тапқан.
Сол кезде сот шешімімен Бақытжан Қадралин алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша 6 жыл 6 айға, Азамат Жәлімбетов 6 жылға, ал Әнес Сейілхан 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Бүгінде жатақхана Мұғалжар ауданы әкімдігінің меншігінде қалды. Алайда ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары қажет екені белгілі болды.
"Жөндеу жұмыстары аяқталған соң баспана «Отбасы банкіне» табысталады, сол жерден пәтерлер тұрғын үйге мұқтаж азаматтар арасында бөлінеді", — дейді аудандық әкімдіктен.
Осылайша мемлекет бюджетке жүздеген миллион теңгені қайтарудың орнына жетімдер мен көпбалалы отбасылар үшін сатып алынған ғимаратты жөндеуге қайтадан қаржы құюға мәжбүр. Бұған дейін прокуратура 672 млн теңгені өндіріп қана қоймай, сотталғандардың мүлкін тәркілеуді де сұраған болатын. Апелляциялық соттың шешімінен кейін бұл талаптар қанағаттандырылмады. Қадағалаушы органның бұл шешімге кассациялық сатыда шағым түсіретін немесе түсірмейтіні әзірге белгісіз.
Соңғы жаңалықтар