«Қызықты өмір сүргісі келеді». Уролог 74 жастағы қарияның мүшесіне протез салды

25.08.2026 14:24 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Қызықты өмір сүргісі келеді». Уролог 74 жастағы қарияның мүшесіне протез салды
70
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Танымал уролог-андролог Ернұр Айнаев 74 жастағы қарияның жыныс мүшесіне протез салғанын, сондай-ақ, қариялардың тек немере бағып отыруға міндетті емес екенін әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі. 

«Жетпіс төрт жастағы бір кісі қабылдауға келген еді. Сонда УЗИ-де отырған әріптес жігіт оны тексеріп жатып: «Ата, не болды?» — деп сұрайды. Атасы жуықта жұбайының қайтыс болғанына 4-5 жылдай уақыт өткенін айтады. Әрі қарай сөзін жалғап: «Кейін бір келіншекпен танысып едім. Ол менен ағзаның, яғни жүйенің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын сұрады. Сондықтан дәрігерге арнайы тексерілуге келдім», — деп айтты. Кейін бұл оқиғаны Инстаграм желісіне салғанымда, желі қолданушылары: «Бұл жастағы адам үйде отырып, немере бақпай ма? Намазын оқып, ақыретіне дайындалмай ма? Бұл жаста не көрінді?» — деген сияқты пікірлерді жаудырыпты. Дегенмен, осындай «хейтерлердің» арқасында қаралым саны тез өсіп, бейнежазба 1 сағаттың ішінде 1,5 миллион қаралым жинады», — деді уролог.

Аталған жағдайға байланысты маман қоғамда қалыптасқан ережелер мен азаматтардың жеке құқықтары туралы өз ойын білдірді.

«Негізінде, тек қариялар емес, кез келген адам ақыретіне дайындалуы керек. Өйткені әрбір адам кез келген сәтте бұл өмірден өтуі мүмкін, ешкімге «100 жасқа дейін өмір сүресің» деген кепілдік берілмеген. Сонымен қатар намазды да тек қарттар емес, бәрі оқығаны абзал. Атасы немересін бағуға міндетті емес, әркім өз баласын өзі тәрбиелеуі тиіс. Әрине, ата үшін немере ыстық, бірақ бұл — оның бүкіл өмірін соған арнауы керек деген сөз емес. Ол да — өз өмірі бар жеке тұлға», — деді Ернұр Айнаев.

Сонымен қатар маман аға буын өкілдерінің толыққанды өмір сүруге, жеке бақытын табуға моральдық әрі физиологиялық құқығы бар екенін атап өтті.

«Мүмкін, ол 74 жасында әлі де сапалы әрі қызықты өмір сүргісі келетін шығар. Өйткені 100 жасқа дейін әлі 25 жыл бар. Кейбіреулер «Жұбайы қайтыс болса, қайғырып отырмай ма?» деуі де мүмкін. Бірақ өмірде бәрі болады. Жұбайының қайтыс болуы денсаулығын күтпеудің салдарынан да болуы ықтимал. Біреулер бұл жаста жалғыз қалуды қаласа, енді біреулер тестостерон деңгейі жоғары, денсаулығы мықты болып, ары қарай толыққанды өмір сүргісі келеді. Өйткені жанында қанша бала-шағасы болғанымен, олардың ешқайсысы жұбайдың орнын баса алмайды», — деді маман.

Войдите, чтобы оставить комментарий