«Қыз-жігіт деп бөлудің не қажеті бар?»: Баян Алагөзованың қызы әуежайдағы тәртіпке наразы

«Қыз-жігіт деп бөлудің не қажеті бар?»: Баян Алагөзованың қызы әуежайдағы тәртіпке наразы
06.10.2025 17:00
0
127

Белгілі продюсер Баян Алагөзованың қызы Айару Бақытбек Астана әуежайында орын алған оқиға туралы Instagram Stories-те жазба жариялап, қоғам назарын аударды, деп жазады POLITICO.KZ.

Айарудың айтуынша, ол қауіпсіздік тексерісінен өту кезінде қызметкерлердің әрекетіне таңғалған:

«Тексеру кезінде маған “қыздар оң жақпен, жігіттер сол жақпен өтеді” деді. Себебі, қосымша тексеру қажет болған жағдайда әйел қызметкер қыздарды, ер қызметкер ерлерді тексереді екен. Мен: “Сіздер жұмыстасыздар ғой, мұнда қыз-жігіт деп бөлудің не қажеті бар? Бұл стандартты процедура емес пе?” – деп сұрадым. Ресми белгілер мен ескерту жазбалары жоқ, бірақ қызметкер өз ережесін енгізіп алған. Егер бұл расымен талап болса, ресми бекітсін. Ал егер жоқ болса, онда қызметкерлер жеке көзқарасын жұмысқа араластырмауы керек», – деп жазды ол.

Айару бұл жайтты қызметтік этика мен қоғамдық тәртіп арасындағы шекараның бұзылуы деп бағалап, әуежайда азаматтарға ортақ стандарт болуы керектігін айтты.

Көп ұзамай бұл пікірге Астана әуежайының PR-қызметі ресми түсініктеме берді.

PR-бөлімнің жетекшісі Науат Айтуғанованың айтуынша, мәселе — жолаушыларды бөлу емес, ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде жолаушылар легін тиімді реттеу шарасы ғана.

«Қазір ұшу-қону жолағында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған байланысты сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін рейстер қабылданбайды. Таңертең және кешкі уақытта жолаушылар саны күрт көбейеді. Кезек пен кідірістер болмас үшін қауіпсіздік қызметі ағынды уақытша екі бағытқа бөлді. Бұл — адамдарды жынысына қарай ажырату емес, тек ұйымдастыру тәсілі», – деді Айтуғанова.

Оның айтуынша, халықаралық авиация стандарттарына сәйкес, қолмен тексеруді әрқашан жолаушының жынысына сәйкес қызметкер жүргізуі керек.

«Бұл кәсіби этика мен жеке кеңістікті құрметтеу қағидатына негізделген», – деп қосты ол.

Осылайша, әуежай өкілдері бұл ереженің уақытша және ұйымдастырушылық сипатта екенін атап өтті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий