Рамазанда «ауызашардамын» деп жариялау – рия ма? Нұрлан имам нақты жауап берді

22.02.2026 11:51 Қарақат АСЫЛОВА
Рамазанда «ауызашардамын» деп жариялау – рия ма? Нұрлан имам нақты жауап берді
223
Ашық дереккөздерден
Рамазандағы ең үлкен қателік қандай?

Жыл сайын ауыз бекіткенімізбен, қоғамда Рамазан айына қатысты түрлі сауал әлі де толастар емес. Әсіресе, әлеуметтік желіде «ауызашардамын» деп жариялау, оразаны арықтау үшін ұстау секілді мәселелер қызу талқыланып келеді. Осы сауалдарға елге «Нұрлан имам» атымен танымал Нұрлан Байжігітұлы жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Имамның айтуынша, ораза – ең алдымен құлшылық. Сондықтан «мен мешітке бардым», «ораза ұстап жүрмін» деп жариялаудың қажеті жоқ. Алайда барлығы ниетке байланысты.

«Егер адам ауызашарда отырғанын шынайы ниетпен, біреуге үлгі болу немесе жақсылықты насихаттау мақсатында жарияласа, онда оның сауабы кемімейді. Бірақ мақтану, өзін көрсету, біреуден артық болу ниеті болса, бұл – рияға жатады», – дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Соңғы жылдары оразаны денсаулық түзету, диета немесе арықтау мақсатында ұстайтындар да көбейген. Бұл қаншалықты дұрыс? Имам бұл жерде де басты өлшем ниет екенін атап өтті.

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: “Ораза ұстасаңдар, шипа табасыңдар” деген. Яғни, оразаның денсаулыққа пайдасы бар. Бірақ егер ниет тек арықтау немесе атақ үшін болса, онда құлшылықтың сауабы берілмейді», – деді ол.

Сондай-ақ имам Рамазан айы – адамның өзгеретін уақыты екенін айтты. Оның сөзінше, әрбір мұсылман жыл сайынғы оразадан кейін өзінде оң өзгеріс сезінуі тиіс.

«10 адамға садақа бергенше, 1 адамға қиянат жасамаңыздар. Негізгі мәселе – шынайылық пен жүректегі тазалық», – деп түйіндеді Нұрлан имам.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий