Ресей не себепті Украинаның жаңа бітім жоспарын қабылдамауы мүмкін

25.12.2025 18:45 Арман Ермеков Арман Ермеков
Ресей не себепті Украинаның жаңа бітім жоспарын қабылдамауы мүмкін
0
339
Фотоколлаж: Politico.kz

Украина Президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні АҚШ пен Украина шенеуніктері бірлесіп әзірлеген соғысты тоқтатуға бағытталған 20 тармақтан тұратын жаңа бейбітшілік жоспарын ұсынды. Алайда америкалық The New York Times басылымның жазуынша, майдан даласындағы басымдыққа сүйенген Мәскеу бұл құжатты қабылдаудан бас тартуы ықтимал, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа ұсыныс қазан айында Ресей Президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілі Стив Уиткофф дайындаған жобадан түбегейлі ерекшеленеді. Егер алдыңғы нұсқа іс жүзінде Киевті аумақтарынан бас тартып, НАТО-ға мүшелік туралы ойынан айнытуға, яғни жеңілісті мойындауға мәжбүрлесе, жаңа құжатта болашақ агрессияның алдын алатын қауіпсіздік кепілдіктері мен соғыстан қираған елді қалпына келтіру жоспары қарастырылған. Зеленский мұны екі тарапқа да қолайлы ымыра ретінде ұсынып отыр.

Дегенмен Кремль бұл бастаманы Ресей қоғамына жеңіс ретінде көрсете алмайтындықтан, оған келісуі екіталай. Мәскеулік халықаралық істер жөніндегі сарапшы Алексей Наумов Telegram арнасында жаңа украиндық жоспарды «мазақ ету» деп бағалады. Оның пікірінше, бұл құжатты америкалықтарға ымыра ретінде көрсетіліп, кейін келіссөздің сәтсіздігі үшін Ресейді кінәлау мақсатында жасалған.

Соңғы екі жылда Владимир Путин екі негізгі талаптан айныған емес: Украина әскері Донецк және Луганск облыстарынан толық шығарылуы тиіс және Киев НАТО-ға кіруден бас тартуы керек. Ресей басшысы жұма күнгі жыл сайынғы баспасөз мәслихатында бұл ұстанымын тағы да растады. Ол Мәскеудің кейбір «жеңілдіктерге» баруға дайын екенін, атап айтқанда, Харьков және Запорожье облыстарындағы басып алынған жерлерді қайтаруы мүмкін екенін меңзегенімен, Донецк облысын толық иемдену ниетінен қайтпайтынын айтты.

Ал Украинаның жаңадан ұсынған бейбітшілік жоспары бойынша Ресей өз әскерін Днепропетровск, Николаев, Сумы және Харьков облыстарынан әкетуі тиіс. Сонымен қатар егер Ресей де сондай қадамға барса, Украина Донецк облысының белгілі бір аумағынан әскерін шегіндіріп, оны қарусыздандырылған аймаққа айналдыруға дайын.

Ресейлік сарапшы Георгий Бовт қазіргі уақытта ресейлік күштердің бақылауындағы Запорожье атом электр станциясына қатысты мәселенің де шешілмегенін алға тартты. Украина бұл нысанды АҚШ-пен бірлесіп басқаруды қалайды.

«Жоспарда аумақтарға немесе Запорожье АЭС-іне қатысты ешқандай ымыра жоқ. Аумақтық мәселені шешпейінше, бұл бастаманың болашағы бұлыңғыр», – дейді сарапшы.

Ресейдің Украинаға басып кіруі экономика мен әскерге қымбатқа түскенімен, Кремль соғысты жалғастыру арқылы көбірек нәтижеге жетеміз деп санайды. Қазір Ресей экономикасы 2022 жылдан бергі ең әлсіз деңгейде: пайыздық мөлшерлемелер рекордтық деңгейге жетіп, өсім қарқыны рецессияға қарай құлдырауда. Алайда сарапшылар Батыс санкцияларына қарамастан, елдегі жағдай Кремльді райынан қайтаратындай дағдарыс деңгейіне жетпегенін айтады.

Қазіргі уақытта Мәскеу Донецк облысының төрттен үш бөлігін бақылауда ұстап отыр. Қарқын осылай жалғаса берсе, бүкіл аймақты басып алу үшін шамамен 18 ай қажет болады. Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев сәрсенбі күні 2025 жылы әскер қатарына қосылуға 417 мыңға жуық адам келісімшартқа отырғанын мәлімдеді. Бұл дерек тәуелсіз зерттеушілердің болжамымен сәйкес келеді. Жаңа әскер легінің үздіксіз толығуы Ресейге ауыр шығындарға қарамастан соғысты жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пайымдауынша, Ресей Вашингтонмен жұмыс қарым-қатынасын сақтап қалу және қақтығыстың жалғасуына кінәлі болып қалмау үшін келіссөздерге қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ Мәскеу АҚШ тарапынан қосымша санкциялардың салынуын кешіктіруді көздейді. Айта кетейік, қазан айында Дональд Трамп енгізген шектеулер «Роснефть» және «Лукойл» сияқты мұнай алыптарын өз өнімін айтарлықтай жеңілдікпен сатуға мәжбүрлеген болатын.

Бейбітшілік шарттары төңірегіндегі тартыс Украина мен оның батыстық одақтастары арасындағы жікті тереңдете түсуде. Түрлі астаналардағы келіссөздер барысында егжей-тегжейлі талқылаулар жүріп жатыр. Сәрсенбіде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің жаңа ұсыныстармен танысқанын және Мәскеу өз ұстанымын қалыптастырып жатқанын хабарлады.

Киевтегі сарапшы Владимир Фесенконың пікірінше, Путиннің соғысты аяқтауға ниеті жоқ.

«Кремль үшін Трамптың бейбітшілік жоспарын талқылау — АҚШ-пен сындарлы қарым-қатынасты сақтай отырып, Америка мен Украина арасында араздық тудыруға бағытталған тактикалық ойын ғана», – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Айта кетейік, Владимир Зеленский алғаш рет жария еткен 20 тармақтан тұратын жұмыс жобасы соғысты аяқтаудың базалық саяси құжатына айналуы мүмкін. Украина Президентінің айтуынша, тараптар келісімге келуге жақын. Құжатта Украинаның егемендігін растау, атысты толық тоқтату, өзара шабуыл жасамау, халықаралық қауіпсіздік кепілдіктері, қуатты украин әскерін сақтау, Еуропалық Одаққа интеграция және Батыспен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту қарастырылған.

Сонымен қатар тізімде елді ауқымды түрде қалпына келтіру, гуманитарлық мәселелерді шешу, барлық тұтқындарды алмасу және соғыстан кейін сайлау өткізу мәселелері қамтылған. Алайда аумақтарға қатысты күрделі сұрақ әзірге келісілмеген және талқылау сатысында қалып отыр.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий