Ресейдегі Назарбаевтың триллиондық жобасынан қазақстандық кәсіпкерлер әлі де табыс тауып отыр

27.05.2026 10:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ресейдегі Назарбаевтың триллиондық жобасынан қазақстандық кәсіпкерлер әлі де табыс тауып отыр
179
Баим кен байыту комбинатының құрылысы/Фото: РФ үкіметі

Ресейдің Чукотка аймағында орналасқан құны 1 трлн рубльден асатын Баим кен байыту комбинатынан қазақстандық кәсіпкерлер санкцияларға қарамастан әлі де табыс тауып отыр, деп хабарлайды Orda.kz

Arctida үкіметтік емес ұйымының зерттеуіне сәйкес мыс пен алтын өндіретін бұл ірі өнеркәсіптік жоба 2018 жылға дейін Роман Абрамовичке тиесілі болған. Кейін оны негізгі акционерлері Владимир Ким мен Олег Новачук саналатын KAZ Minerals компаниясы сатып алды. Санкциялардан кейін ресейлік активтерді басқару қиындағандықтан жоба алдымен Ким мен Новачукке қатысы бар Trianon Limited қазақстандық компаниясына беріліп 2024 жылдың көктемінде «Пальмира Севера» ресейлік жабық қорына ресми түрде өткен.

Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда формалды түрде жоба басқа қолға өткенімен мердігерлер мен делдалдар арқылы қазақстандық кәсіпкерлердің ізі сақталып қалған. Мысалы комбинатты басқарумен айналысқан «Вега Развитие» мекемесі 2024-2025 жылдары жобадан 10 млрд рубльден астам қаражат алып оның 2,5 млрд рублін БАӘ-де тіркелген Odin Consulting FZE компаниясына аударған. «Вега Развитие» құрылтайшысы саналатын дубайлық Nord Rim DMCC компаниясы Bank RBK арқылы Владимир Киммен байланысты болуы мүмкін екендігі айтылады. Orda.kz бұл деректі тексеріп Trianon Limited пен Nord Rim DMCC шынымен де аталған банкке аффилиирленген тұлғалар тізімінде бар екенін растаған.

Тағы бір байланыс Чукоткадағы тау-кен жобаларының инфрақұрылымын салатын «Северные инженерные решения» компаниясына апарады. Оның құрылтайшысы Nomad Construction Limited арқылы Олег Новачуктің бизнес-серіктесі Ален Байғазинмен байланысы бары анықталған. Бұған дейін бұл кәсіпкердің Жетісу өңіріндегі Көксу өзенінде су электр стансасын салу дауына және Шығыс Қазақстандағы «Алтай» технопаркіне қатысы болғаны жарияланған еді.

Басылымның жазуынша жоба қағаз жүзінде ресейлік қорға өткенімен оның айналасында қазақстандық бизнесмендерге қатысы бар делдалдар әлі де жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін портал Баим жобасының Владимир Кимнің айналасындағы адамдармен байланысы болуы мүмкін екенін жазып оны Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі әрі «әмияны» ретінде бірнеше рет аталғанын еске салды.

Войдите, чтобы оставить комментарий