Navai-дың ұсталуына қатысты Ресей Қазақстанға ресми нота жолдады
Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы рэпер Navai-дың (Наваи Бакиров) ұсталуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдады. Дипломаттар оның қайда және қандай жағдайда қамауда отырғанын білгісі келеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ресейдің бас консулдығы РИА Новости агенттігіне хабарлады.
Дипломатиялық өкілдік рэпердің ұсталғанын БАҚ арқылы білген. Қазақстан билігінен ресми хабарлама түспеген. Сондықтан Ресей тарапы адвокаттардың өтінішін күтпей, өз бастамасымен сұрау жіберген.
Рэпердің адвокаты Рена Керимова сот шешіміне шағым түсіруге дайындалып жатқанын айтты. Қордай аудандық соты Navai-ды 2 айға қамауға алуға санкция берген.
Адвокаттың сөзінше, рэпер сот шешімін сабырмен қабылдаған. Ол Navai-дың тергеу изоляторында «қараушы» болғаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды.
Ресейлік адвокат Александр Корытин рэпердің менеджеріне 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін екенін айтты.
Оның түсіндіруінше, сараптама тәркіленген 10 грамм заттың кептірілген марихуана екенін растаса, іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 286-бабының 2-бөлігі (контрабанда) бойынша қаралуы мүмкін.
Корытиннің айтуынша, Navai-дың өзіне 3 жылдан 5 жылға дейін түрме жазасы берілуі ықтимал. Егер есірткіні аса ірі мөлшерде сату мақсатында тасымалдағаны дәлелденсе, бұл мерзім 5 жылдан 10 жылға дейін ұлғаюы мүмкін.
Адвокат бірнеше қылмыс бойынша айып тағылған жағдайда жаза мерзімі 15 жылдан асуы мүмкін екенін де айтты.
Кейбір БАҚ мәліметінше, рэперден 2,5 грамм марихуана, ал менеджерінен 10 грамм есірткі табылған. Бұл ақпарат әзірге ресми расталмаған.
Еске салайық, 15 қазанда Navai-дың Қазақстанға кіреберісте ұсталғаны белгілі болды. Жамбыл облысының полициясы оқиға 14 қазанда болғанын хабарлаған.
Қырғызстанда да рэпердің шекарадан есірткімен қалай өткені тексеріліп жатыр. Navai 12 қазанда Бішкекте концерт берген. Ал 14 қазанда Астанада өнер көрсетуі жоспарланған.
Қырғызстанның Шекара қызметі қызметтік тексеру бастағанын мәлімдеді. Заңбұзушылық анықталса, «Ақжол» өткізу бекетінің қызметкерлері жауапқа тартылады.
Соңғы жаңалықтар