Ресейдің ақшасына салынбақ болған ЖЭО енді отандық қаржымен тұрғызылады
Ресей уәде еткен қаржыны бермеген соң Көкшетау жылу-электр орталығы AIX биржасында 60 млрд теңгеге облигация орналастырып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаржыгер Арман Батаевтың хабарлауынша, бастапқыда бұл жоба Ресейдің қолдауымен жүзеге асуы керек еді. Тараптар 20 жылға рубльмен 7% жеңілдікпен несие алуды талқылаған. Сондай-ақ ресейлік энергетикалық жабдықтарды жеткізу жоспарланған. Алайда көрші ел қаржы бөлмеді. Осыдан кейін Қазақстан жобаны өз бетінше іске асыруға шешім қабылдады.
2025 жылы «Самұрық-Қазына» мен «Самұрық-Энерго» жобалық компанияның капиталына 34,6 млрд теңге құйды. Құрылыс және негізгі жабдықтарды жеткізу келісімшарттары негізінен қытайлық компаниялармен жасалды. Келісімшарттардың жалпы құны шамамен 356 млрд теңгені құрайды. Бұған дейін жоба басшылығы «Самұрық-Қазына» арқылы 10 жылға 16,5% мөлшерлемемен қаржы тарту жоспарын айтқан болатын.
Енді Көкшетау ЖЭО облигациялар нарығына шығып отыр. Құнды қағаздардың жалпы көлемі 60 млрд теңгеге жетеді. Облигациялар 15 жыл мерзімге шығарылды. Купондық мөлшерлеме TONIA Compounded көрсеткішіне байланған. Бұл көрсеткіш қазір 18,0% деңгейінде тұр. Оған қосымша ең көбі 1,5% үстеме қосылады. Қарызды өтеу уақыты 2041 жылдың тамызына белгіленген.
Нәтижесінде құрылыстың бастапқы моделі толығымен өзгерді. Ресейлік қаржы мен технологияның орнын ішкі қорлар мен қытайлық жабдықтар басты.
Қаржыгердің сөзіне қарағанда, бұл жағдай Қазақстандағы ықпал ету балансының біртіндеп өзгеруін көрсетеді. Ресей ірі жобаларды қаржыландыру көзі ретінде де, технология жеткізуші ретінде де позициясын жоғалтып бара жатыр.
Соңғы жаңалықтар