"Ренжіп кеткенім жоқ". Қыран Талапбек неге Әзербайжанға көшкенін айтты

07.10.2026 • 20:26 Томирис САҒЫНДЫҚ
163
Фото: Instagram/gulzada_tl

Белгілі мобилограф, кәсіпкер Қыран Талапбек өз жобалары мен халықаралық жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қыран Талапбек бұл туралы "Адырна" ұлттық порталына берген сұқбатында айтты. 

«Иә, шүкір. Өте көп қаржы болмаса да, бізге жеткілікті. Көшпенділердің ұрпағы болғандықтан ба, бізге жаңа нарықтарға шығып, жаңа белестерді бағындыру әрдайым қызық. Сондықтан «Мобилография» мектебін аштық. Әлемнің 30-дан астам елін аралап көргенімде, бұл саланың біздегідей қатты дамымағанын байқадым. «Онда неге бұл мүмкіндікті шетелге көрсетпеске?» деген ой келді. Қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Мысалы, қазір Бакуде 12, бәлкім 17 баламыз жұмыс істеп жатыр. Ондағы мамандар мен видео түсіріп жүрген жігіттердің барлығы – өте талантты, мықты өзіміздің қазақстандық мамандарымыз. Жаңа нарыққа шығу мақсатында Әзербайжанда бізге қолдау көрсетіп, ғимараттан орын беріп, мектеп салып жатыр. Алла қаласа, бұл жерде «IT-кластер» деп аталатын «Мобилография академиясы» ашылады. Ол – креативті экономиканы дамытуға арналған, салықтан толық босатылатын кластер болмақ. Одан бөлек, бұл жобаны елімізде де, басқа мемлекеттерде де ашу жоспарымызда бар. Бұл қадам – елге ренжіп кеткендіктен емес, керісінше, жұмсақ күш (мәдени экспансия) арқылы жаңа белестерді бағындыру. Әлемге өзіміздің кім екенімізді, Ұлы дала ұрпақтарының тек таланты емес, шығармашылық ойы да шексіз екенін көрсеткіміз келеді", – деді Қыран Талапбек.

Мобилографтың айтуынша, көшпенділер танымы мен бабалар тарихы қазіргі буынның шығармашылық ойлау қабілетіне тікелей әсер етеді. Кең далада еркін өскен халықтың сөз өнері мен ой-өрісі әрқашан ерекше болған. Бұл феноменді халықаралық сарапшылар мен шетелдік кәсіпкерлер де жоғары бағалайды. 

Войдите, чтобы оставить комментарий