«Ресейге елші болып барғанда, тізерлеп отырады екен»: Тоғжановтың президент алдында иілгені жұртқа жақпай қалды
Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановтың Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке Сенім грамотасын тапсыру рәсіміндегі әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Facebook желісінде Нұрболат Адырбек есімді қолданушы жазба жариялады. Ол дипломаттың президентке тым қатты иілгеніне назар аударып, мұндай қимылдың дипломатиялық рәсімдерге қаншалықты сәйкес келетінін сұраған.
«Неге сонша иілгенін түсінбедім? Мына Тоғжанов егер Өзбекстан емес, Ресейге елші болып барғанда, алаңсыз тізерлеп отырады екен, дәә)) Не деуге болады? Әлде дипломатияда осындай талаптар бар ма?» – деп жазды желі қолданушысы Нұрболат Адырбек.
Жазба авторы дипломатиялық рәсім кезінде түсірілген фотосуретті де жариялаған. Кадрда Ералы Тоғжановтың Өзбекстан президентіне Сенім грамотасын тапсырып тұрған сәті бейнеленген.
Жазба астында пікір қалдырған желі қолданушыларының бір бөлігі елшінің әрекетін сынға алған.
«Қалай айтсаңыздар да бүкіл бір елдің өкілі болып тұрған адамның мынадай құлдық ұрып тұрғаны жараспайды», «Құлдық психология», «Қытайша сәлем беру қазаққа жараспайды», «Назарбаев бәрін осылай иілуге әдеттендірген. Мына байғұстың миынан, санасында әлі шықпапты», – деп пікір қалдырды желі қолданушылары.
Айта кетейік, дипломатиялық протоколда мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер кезінде сәлемдесу мен ілтипат білдірудің түрлі рәсімдері болуы мүмкін.
Ал Ералы Тоғжановтың нақты қандай себеппен осылай иілгені туралы ресми түсініктеме берілген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
Елші қызметіне дейін Ералы Тоғжанов премьер-министрдің кеңесшісі болды. Әр жылдары премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының әкімі қызметтерін атқарған.
Соңғы жаңалықтар